Көлік рөлінде отырған адамда қояншық ауруының белгілері болған
Учаскелік полиция инспекторы Петропавл көшесінде қырағылық танытып, қыз баланың өмірін сақтап қалды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 11 сәуірде полиция қызметкері Нұрбек Қайыров қалалық полиция басқармасына келе жатып, К. Сүтішев пен М. Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде Mitsubishi көлігінің орнынан қозғалмай тұрғанын көріп, жүргізушіден қояншық аурының белгілерін байқаған.
Полицей көліктің есігін ашып, рөлде отырған бойжеткенге алғашқы медициналық көмекті шұғыл түрде көрсете бастайды. Ол жүргізушінің басының астына жастық пен өзінің сыртқы киімін қойып, ең бірінші керекті көмекті көрсетеді. Сөйтіп, жедел жәрдем бригадасы келген кезде қыз бала есін жиып үлгерген.
Бойжеткеннің өмірін сақтап қалған учаскелік полиция инспекторы бұған дейін де қызмет барысында қояншық аурумен ауырған адамдарға жедел көмек көрсетіп, өмірлерін сақтап қалғанын айтты.
Сол себепті қалай әрекет ету керектігін білдім, – деді ол.
Ал жедел жәрдем келгеннен кейін бойжеткен мұндай жағдайдың өзінде алғаш рет болып тұрғанын айтты.