Жайық өзеніндегі судың деңгейі қырағы бақылауда
Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы саяжайда тұрғындардың бар-жоғы тексеріліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір азаматтық қорғау қызметі мен волонтерлер Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны салдарын жою үшін тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.
«Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі судың деңгейі бақылауда, тұрғындарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізілуде.
Өткен тәулікте Орал қаласында Стеновик бау-бақшасында 4 адам құтқарылды, 61 адам эвакуацияланды. Бұған дейін қалған тұрғындар алдын ала эвакуацияланған еді. 1 497 адам уақытша орналатыру пунктеріне, қалған тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Саяжайда қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Бүгін сағат 10:00-дегі мәліметке сәйкес, еліміз бойынша 23 мың 85 адам өз үйіне оралған. 8 872 адам, оның ішінде 3 852 бала эвакуациялау пунктеріне орналастырылды. 4 554 тұрғын үй мен 2 767 ауладан судың бағыты бұрылды.
Осы уақытқа дейін 11,4 млн текше метр еріген қар суы сорылып, тасқынға қарсы 5,3 млн қапшық және 1,4 млн-нан аса инертті материал төселді. Жедел желі телефонына 2 132 қоңырау түсті.
Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмысқа 33 852 адам, 4 973 техника, 875 су сору құралы, 389 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды», - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі.