Президент әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды
Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Салтанат Тұрсынбекованың пікірінше, қандай да бір заң қабылдануы үшін қоғам тарапынан сұраныс болуы керек.
- Бұл заң тек әйелдер мен балаларға ғана емес, отбасының барлық мүшесі – ерлер, ата-әжелер, жастар және т.б қамтиды. Меніңше бұл заңды үш жақтан қарастыруға болады: біріншіден мемлекеттің әкімшілік ресурстары мен жауапкершілігіне қатысты. Екіншіден, қоғамға қатысты, яғни азаматтық сектор тұрғысынан қараймыз. Себебі саладағы көптеген институттар түрлі зерттеу жасап, пікірін айтып, әлеуметтік қызмет көрсетеді. Үшіншіден, жеке азамат пен отбасы тұрғысынан қараймыз. Өйткені осы үшеуінің міндеттері бар. Мысалы, мемлекет құқық қорғау органдарымен заңның сақталуын талап ете алады. Үкіметтік емес ұйымдар сол жұмысты ұйымдастыруға қатысады, заң жобасын қарау процесіне қатысады. Егер осы үш тарап өз міндетін орындап отырса, баланс болады, - деді ол.
Сондай-ақ спикер 2009 жылы Қазақстан ТМД-да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қабылдаған алғашқы елдердің бірі болғанын еске салды.
- Бүгінге дейін талай өзгерістер енгізіліп, қоғамда өз орнын тапты. Тиімді тетіктері пысықталды. Мысалы, құқық қорғау органдары қалай жұмыс істеуі керек, арнайы талаптар қалай қойылады, тәжірибеде барлық қажетті деңгейде реттей ме, жоқ па, учаскелік инспекторлардың жұмысы қалай реттелетіні пысықталып, кемшіліктері айтылды. Талданған кемшіліктердің көбі ішкі істер органдарына қатысты еді. Бір қызығы жергілікті атқарушы органдарда «бұл заңның бізге қатысы жоқ» деген пікір болды. Қазір қоғамның талабы өсіп келеді. Халық санының артуына байланысты кримогендік ахуал өзгерді, киберқылмыстар пайда болды. Алайда қылмыстың алдын алу тетіктері жетілмеді. Қылмыс көбейген сайын халықта түсінбеушілік болады. 2016-2017 жылдардан бастап осы заңды жетілдіріліп, қылмыстың алдын алатын нормаларды енгізуге мән берілді, - деп қосты ол.
Бұған қоса, орталық басшысы заңға енгізілген өзгерістердің қалай талданғанына қатысты мысал келтірді.
- 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы) барып, әр ауыл, аудан және қаланы қамтитын талдау жүргіздік. Бұл мәселеге әкімдікте қай бөлім жауапты, қандай ережелер бар, профилактикалық іс-шараларға қандай бюджет бөлініп жатыр, ол жеткілікті ме, аудандарда отбасы қажеттілігіне арналған бюджет бар ма деген түрлі сұрақтарға жауап іздедік. Өңірлік даму бағдарламаларында индикаторлық көрсеткіштер бар-жоғын зерттедік. Жоқ болған жағдайда жергілікті мәслихаттардан не себепті қамтылмағанын сұрап, мәселе көтердік. Нәтижесінде ауқымды талдау қорытындысы бойынша өңірдегі орталықтардың басын бір жерге біріктіріп, оны Әлеуметтік психологиялық жәрдем беру орталығы деп атадық. Оның ішінде жастар орталығы, қариялар орталығы, отбасын дамыту орталықтары болды. Барлық тиісті ережені жазып, қызметкерлерін оқытып, фунциясын айқындап бердік. Енді осы мәселе қазір заңға енгізілді, - деді Тұрсынбекова.
Сарапшының айтуынша, еліміздің әр өңірінде әкімдіктің жаңынан отбасы, балалар мен жастар мәселесін үйлестіретін арнайы басқармалар құрылуға тиіс.
- Сол кезде елімізде алғаш рет Шымкентте Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ашылуына бастамашы болдық. Ол басқарма салаға қатысты барлық мәселемен айналысып, жұмысты бір жерден үйлестіріп отырды. Алайда бір жылдан соң облыс екіге бөлінді. Кадрлардың ауысуына байланысты, ол басқарма жабылды. Бірақ ізі қалды деп айта аламын. Қазіргі заңда отбасыға жәрдем беру орталықтары әлеуметтік мәселелерге жауапты министрлікке берілген, ол үйлестіру функцияларына жауапты. Ал методикалық, стратегиялық функциялар Ақпарат және мәдениет министрлігіне берілген. Сондай ақ профилактикалық жұмыстар ішкі істер органдарына жүктелген. Біздің ойымызша, 2017 жылғы жобаның үлгісімен әкімдік жанынан бір құзырлы басқарма құрылса, ол өңірдегі барлық ауыл, аудан, қаладағы жұмысты үйлестіре алады, - деді орталық басшысы.
Сондай-ақ сарапшы заңға қатысты қоғамда тарап жатқан түрлі қауесеттерге қатысты пікір білдірді.
- Заңда атa-ана міндетін дұрыс атқармаса, баланы мәжбүрлеп тартып алу туралы норма жоқ. Олай деп айтуға еш негіз жоқ. Жалпы бұл заңда профилактикалық іс-шараларға қатысты өзгерістер көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары тек ішкі істер органдарына байланысты емес, тұтас қоғамға қатысты. Сонымен қатар өңірлердің даму бағдарламаларына индикаторлар енгізілді, енді әкімдердің рейтингі жасалады. Соған сәйкес, егер өңір әкімдері отбасы мәселесіне немқұрайлы қарай алмайды. Агрессорлармен жұмыс істеу туралы да норма бар. Заңның қабылдануы – үлкен жұмыс. Енді одан да үлкен жұмыс бар – ол қабылданған заңның іске асырылуы, - деп қорытындылады Салтанат Тұрсынбекова.
Еске салайық, 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.
Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және Балалар құқығы жөніндегі уәкіл қатысты.
Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:
Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.