×

Ардагер спортшы министрліктен алтын медалдарына тиесілі төлемді сот арқылы алды

Олимпиадалық емес спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында 1-орын алғандарға 2,3 мың доллар төленеді

 Еркеғали Болатұлы 21.04.2024 | 11:30
фото: дереккөз

Ардагерлер санатында өнер көрсетіп, әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алған 67 жастағы Бөгежан Аманбаев спорттық жетістігі үшін өзіне тиесілі төлемдерге соттасу арқылы қол жеткізді. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.

Айта кетсек, гір көтеру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2021 жылы Будапештте 65-69 жас аралығындағы әлем чемпионатына қатысқан. Ол 32 елден келген гіршілермен бақ сынасып, 3 алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 2022 жылы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатына қатысып, онда да екі рет жоғары марапатқа ие болған.

Ардагерлер арасындағы әлем чемпионы Туризм және спорт министрлігіне осы екі әлем чемпионатында алған 1-орын үшін ақшалай сыйақы төлеуді талап етіп, екі арыз түсірді. Спорт саласының шенеуніктері бұған дейін оған төлемдер беруден бас тартып, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне төлемдер жас лимитімен реттелетінін түсіндірген. Сот ісін қарау барасында министрлік өкілі талапкердің ардагер спортшы екенін, яғни спорттық мансабын аяқтағанын жеткізді. Ал нормалар бойынша ардагер спортшыларға төлем берілмейді, - делінген хабарламада.

Бөгежан Аманбаев ведомствоның мұндай шешімімен келіспей, жарыстарда құрама сапындағы спортшыларымен теңдей өнер көрсеткенін, Қазақстан туының астында ел абыройы үшін тер төккенін, өзінің қол жеткізген алтын медальдары жалпы медальдық есепте ескерілгенін мәлімдеді.

Екі талап бойынша да соттар министрлік өкілінің төлемнен бас тарту туралы дәлелдері жеткіліксіз деп шешті, ал ережелерде ардагерлердің төлем алуға құқығы жоқ екендігі еш жерде көрсетілмеген. Нәтижесінде соттар талапкердің пайдасына шешім шығарып, Қаржы министрлігіне ардагер спортшыға Венгрия мен Үндістандағы әлем чемпионаттарында алған алтын медалдары үшін тиісті төлемдерді төлеуге міндеттеді, - деп жазды басылым.

Үкіметтің 2020 жылғы қаулысы бойынша олимпиадалық емес спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында 1-орын алған спортшылар 2,3 мың доллар көлемінде төлем ала алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама