Halyq Uni логотип
×

Есірткіге мас жүргізуші полицейлерден қашпақ болып, суға секіріп кетті

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

 Динара Амантай 20.04.2024 | 17:02
Есірткіге мас жүргізуші полицейлерден қашпақ болып, суға секіріп кетті
Фото: Halyq Uni

Орал қаласында полиция бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған құқықбұзушыны ұстады. Ол есірткіге мас күйде автокөлік жүргізіп, тәртіп сақшыларынан қашып кетпек болған, – деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары Мирлан Жанұзақов пен Арман Көшігенов Жайық өзенінің маңындағы 1, 2, 3 саяжай ауданында патрульдеуді іске асыру кезінде Ваз-2110 күдікті автокөлікті байқады. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талаптарын елемей, қозғалысын жалғастыра берген. Жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төнуі мүмкіндігін ескеріп, полицейлер оның соңынан ерген. Біраз жүргеннен кейін жүргізуші көлікті тоқтатып, қаша жөнеледі. 150-200 метрге жүгіргеннен кейін ол суға секіреді. Полиция қызметкерлері оны судан шығарып, қашқынды құтқарды.

Құқықбұзушының бұрын сот шешімі бойынша жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін көлік құралын өмір бойы басқару құқығынан айырылған Подстепное ауылының тұрғыны екендігі белгілі болды. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жүргізуші есірткіге мас күйде болғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама