Павлодар облысында суға батып бара жатқан әйел құтқарылды (ВИДЕО)
Ауыл тұрғыны мас болып, ажал құша жаздаған
Павлодар облысында полиция қызметкері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып, өмірін сақтап қалды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Аққулы ауданының полицейлеріне Жамбыл ауылында бір топ адамның ішімдік ішіп жатқаны туралы хабар түскен. Ауыл тұрғыны тез арада полиция қызметкерлерін жіберуді сұраған. Шақыруға ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция аға учаскелік инспекторы Елдос Қойкен, әкімшілік практика инспекторы Әділ Ізбасаров пен жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Ришат Адамбаев барып, Жамбыл ауылында екі кәмелет жасына толмаған баласы бар әйелдің тұратынын анықтаған.
Полицейлер оқиға орнына барған кезде балалар анасының Ертіс өзеніне қарай кеткенін айтқан. Автопатруль Ертіске барып, суға батып бара жатқан әйелді көрген.
Мен оның суға батып бара жатқанын көргенде еш ойланбастан өзенге тұра жүгірдім. Жүгіріп бара жатып, асығыс үстімдегі ауыр киімдерді шешіп тастадым. Жақындағанымда ол су астына түсіп бара жатты. Шынымды айтсам, тіпті қорқуға да уақыт болмады. Тұншығып қалмаса екен деп ойладым. Мен оны ұстап алып, судан шығардым, – деді Елдос Қойкен.
Әйел мас болған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, содан кейін дәрігерлерге жіберілді. Қазір үйінде, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Полицейлер әйелмен әңгімелесті.
Әйелді құтқарған тәртіп сақшысына келсек, Елдос Қойкен ішкі істер органдарында 2014 жылдың қазан айынан бастап қызмет етеді. Төрт бала тәрбиелеп отыр.