Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға 172,8 млрд теңге берілді

Дастан Жұмабекұлы

Жыл басынан бері 800 мыңға жуық адам көмек алды

Фото: halyq-uni.kz

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге 152,7 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 20,1 млрд теңгедей әлеуметтік төлемдер берілді.

1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемқы алушылар саны шамамен 539,8 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 196,1 мың адам болды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген адамдардың тұрмысы нашарлағанда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар. Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 90,9 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу, ал 61,2 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды, – делінген хабарламада.

Биылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% өсті.

Үкіметтің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7% көбейді. Мәселен, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 95 496 теңге, 2-топ үшін 76 397 теңге, 3-топ үшін 52 089 теңге болды.

1 сәуірдегі жағдай бойынша, әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайындағыларға 57 346 теңгеге, асыраушысынан айырылғандарға 58 543 теңгеге жетті.