Бишімбаев пен Нүкенованың некесін қиған имамға ескерту жасалды – ҚМДБ
Астана сотында экс-министр мен туысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр
Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған имамға ескерту жасалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, имам Қыдырмин Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін 2022 жылдың 17 қазанында Астанадағы Республикалық бас мешітте қиған.
Діни басқарма некенің куәгерлердің қатысуымен қиылғанын айтқан.
Ол азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалып жатыр» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген, - деп хабарлады ҚМДБ.
Имам олардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген.
Яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Астана сотында экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыптау актісіне сәйкес, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған.