Қос азаматтығы бар ШҚО тұрғыны елден шығарылды
Жыл басынан бері 15 азамат анықталды
Белгілі болғандай, Қазақстан Республикасының азаматы – 43 жастағы ер адам бір жылдан астам уақыт бұрын Ресей азаматтығын алған. Алайда ол бұл туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде хабарламаған. Құқықбұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал кейінірек аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті елден шығару туралы шешім қабылданған.
Тәжірибе көрсеткендей, құқықбұзушылардың қос азаматтық алуының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, олар – мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту, материалдық артықшылықтар алу, зейнетақы есебі, мұраға ие болу, бала туған кездегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдікке ие болу.
Жыл басынан бері ШҚО көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтығы бар 15 азаматты анықтаған. Олардың 5-еуі Қазақстан аумағынан шығарылды.
ШҚО полиция департаменті басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау арқылы Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы мәлімдеуі, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет екенін ескертеді.