Полиция істі тергеп жатыр
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 7 адам көз жұмған. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бірнеше өңірде қайғылы оқиға болды. Мысалы, Атырау облысында 4 адам, Түркістан облысында кішкентай бала суға батып кетті. Осы оқиғалар бойынша қылмыстық істер тіркеліп, алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.
Осы орайда журналистердің бірі Абай облысының Аягөз ауданындағы тракторда отырған 2 адамның суға кеткенін еске салды.
Осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының нәтижесі бойынша шешім шығарылады, - деді министрдің орынбасары.
БАҚ өкілі «Тасқын судың құрбаны 5 адам деп айта аламыз ба? Әлде Аягөздегі 2 адам өлімін де қосамыз ба?» деп сұрағын нақтылады. Содан соң Марат Қожаев табиғи апаттан жалпы 7 адам көз жұмғанын атап өтті.
«Иә, Аягөзді де (2 адамның өлімін, – автор) қосу керек», - деді ол.