Halyq Uni логотип
×

Астанадан Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жіберілді

Жүк көлігіне тұрмыстық және гигиеналық заттар, моторлы қайық, қап, күрек, су, етік және тағы басқа қажет заттар тиелді

 Дастан Жұмабекұлы 18.04.2024 | 09:50
Астанадан Батыс Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жіберілді
фото: gov.kz

Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 1 мың тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. AMANAT партиясы Астана қалалық филиалынан Батыс Қазақстан облысына 20 тоннадан астам кезекті гуманитарлық көмек жөнелтілді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға AMANAT партиясының әр облыстағы филиалы өзінің шама-шарқынша көмектесіп жатыр. Мәжіліс депуттары, партияның белді азаматтары, «Жастар рухы» жастар қанатының қыз-жігіттері ел арасында жүр. Әрқайсысы өз деңгейінде тиісті шараларды қабылдап, азаматтардың иығына түскен ауырпалықты қатар еңсеріп келеді, –  деді AMANAT партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.

Жүк көлігіне тұрмыстық және гигиеналық заттар, моторлы қайық, қап, күрек, су, етік және тағы басқа қажет заттар тиелді.

Гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр. Бұған дейін партияның елордалық филиалы қала әкімдігімен, мәслихат депутаттарымен, бастауыш партия ұйымдарымен, шағын, орта және ірі кәсіп өкілдерімен бірлесіп, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына гуманитарлық көмек жіберген болатын.

Сонымен қатар, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің базасында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін гуманитарлық көмек жинау бойынша әлеуметтік акция ұйымдастырды. Көмек Ақмола мен Қарағанды облыстарының тұрғындарына жеткізілді. Зардап шеккендерге киім, тамақ, гигиена құралдары, төсек-орын, ыдыс-аяқ және дәрі-дәрмектер жиналды.

Астанада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді. Жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптап жібереді. Жиналған көмектің ішінде киім, азық-түлік, гигиена заттары мен аяқ киім басты назарда болады.

Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті заттарды жинап, әкеле алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама