×

Су тасқынына қарсы жұмысқа 46 мыңнан астам адам тартылды – ТЖМ

4 351 техника, 873 су сору құралы, 308 қайық пен 16 тікұшақ жұмылдырылды

 Дастан Жұмабекұлы 17.04.2024 | 10:24
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына қарсы жұмысқа 46 мыңнан астам адам тартылғанын хабарлады. Ведомствоның Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, 3 709 тұрғын үй мен 2 475 аула аумағынан судың бағыты бұрылған. Осы сағатта 16 мың адам өз үйлеріне оралды. Ал қалған 6 950 адам, оның ішінде 3 113 бала эвакуациялау пункттерінде.

Жедел шаралардың арқасында төтенше жағдай аймақтарынан тұрғындар мен үй жануарларын эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 116 949 адам, оның ішінде 40 781 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 112 539 мал қауіпсіз жерге айдалды, – деді ол.

Су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен апаттық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 9,8 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорылды. 2,9 млн қапшық пен 1,4 млн-нан астам тонна инертті материал төселді.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 837 жеке тұрғын үй, 1 353 аула аумағы және 3 124 саяжай су астында қалды, – деді ТЖМ өкілі.

Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 46 417 адам, 4 351 техника, 873 су сору құралы, 308 қайық, 16 тікұшақ жұмылдырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама