Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: азық-түлік пен жанар-жағармай мемлекеттік резервтен жұмсалады

Сонымен бірге 10 мың адамға арналған төсек-орын жабдықтары жіберіледі

 Дастан Жұмабекұлы 16.04.2024 | 15:11
Су тасқыны: азық-түлік пен жанар-жағармай мемлекеттік резервтен жұмсалады
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Төтенше жағдайлар министрінің бұйрықтарына сәйкес, Атырау облысында су тасқынын жоюға жұмылдырылған әскери қызметшілерді тамақпен, сондай-ақ тартылған инженерлік техниканың жанар-жағармай материалымен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік  резервтен 81 тонна азық-түлік тауарлары мен 158 тонна мұнай өнімдері жұмсалады.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында қосымша эвакуациялық пункттерді қалыптастыру мақсатында мемлекеттік материалдық резервтен 10 мың адамға арналған төсек-орын жабдықтары жіберіледі.

Соңғы мәліметке қарағанда, Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің басшылығымен Ырғыз ауданы Құйлыс ауылының тұрғындарын аудан орталығына алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Мамыр, Нұра, Белшер ауылдарынан 800-ден астам адам қауіпсіз жерге жеткізілді.

Қазір Құйылыс, Жайсаңбай мен Белшер ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергенов Атырау облысында болды. Өңірде су басу қаупінің алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру үшін Төтенше жағдайлар вице-министр Серік Төленбергенов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу орындарын аралап шықты.

Индер, Махамбет аудандары, Алмалы ауылдық округі мен Атырау қаласы, Береке ауылының ауылдық округтеріндегі Жайық өзенінде жағалауды нығайту жұмыстарының барысы тексерілді.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Петропавл қаласы Подгора шағын ауданының тұрғындарына ауыл шаруашылығы жануарларын су басқан аула аумақтарынан эвакуациялауға көмектесіп жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама