Табиғи апат болып жатқан өңірлерде ұстаздар аттестациядан өтпейді
Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен мұғалімдердің тізімі жасалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айутынша, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы мұғалімдерді аттестаттаудан өткізу мерзімі шегерілген.
Қазақстандағы 42 мектепте білім алушылардың жетістіктерін бағалау мониторингі жүргізілмейді. Ақтөбе және Атырау облыстарындағы барлық білім алушы БЖБ мен ТЖБ тапсырмайды. Әрбір жағдай бойынша шешім жергілікті атқарушы органдар мен Оқу-ағарту министрлігінің хаттамасы негізінде қабылданады, - деді Мереке Амангелдіқызы ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ ол табиғи апат болған өңірлерде мұғалімдердің арнайы тізімі жасалатынын жеткізді.
Жаңа оқу жылында барлық педагог пен мектептің оқу процесіне дайын болуы үшін министрлік төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін уәкілетті органдармен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімін жасайды, - деді ресми өкіл.
Бірақ Мереке Амангелдіқызы тізімдегі ұстаздарға нақты қандай көмек көрсетілетінін нақтыламады.
Бұған дейін су тасқынынан 113 мыңнан аса қазақстандық құтқарылғаны хабарланған еді.