Діни әдебиетті заңсыз әкелген 18 адам айыппұл арқалады
Олар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнаманы бұзған
Жыл басынан бері көлік полицейлері діни қызмет саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтардың 19 фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Көліктегі полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасын сақтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты жүргізіп жатыр, – деді ЭҚІҚБ бастығы Дулат Діркенов.
Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бері көлік полицейлері діни қызмет саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтардың 19 фактісін анықтаған. Атап айтқанда, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы басқа да материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, жариялауға және (немесе) таратуға қойылатын талаптардың сақталмауына қатысты құқықбұзушылықтар тіркелді. Мамандандырылған әкімшілік соттардың шешімімен 18 азамат жалпы сомасы 1 млн 500 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 9-бабы 3-бөлігіне сәйкес, әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана іске асыра алады. Діни қызмет саласындағы бұзушылықтар үшін жеке және заңды тұлғалар құқықбұзушылық субъектілері ретінде жауапкершілікке тартылады. Ақшалай айыппұл түріндегі жаза, қызметті тоқтата тұру және т.б. қарастырылған, – деп толықтырды Дулат Діркенов.