×

Су тасқыны: жолда қалған жүздеген жүк көлігі Өзбекстанға өте алмай тұр

Жүргізушілердің мойнында төленбеген несиесі мен салығы бар

 Ербол Тұрымбет 13.04.2024 | 11:11
Коллаж: Halyq Uni

Еліміздегі су тасқыны салдарынан жүздеген жүк көлігі Өзбекстанға өте алмай тұр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Табиғи апаттан Маңғыстау мен Атырау облыстарында жүздеген жүк көлігі осымен тоғызыншы күн жолынан қалған.

Жүргізушілердің айтуынша, екі облыс аумағындағы жол бойында қаңтарылып тұрған көлік саны мыңға жақын. Қазір олар үшін ең оңтайлысы Өзбекстан аумағына өтіп, Ташкент арқылы Түркістан облысына жетіп алу. Бұл бағытты ұйымдастыруға екі ел тарапы дайын. Бірақ мәселенің бәрі жүргізушілердің басындағы әлеуметтік жағдайға тіреліп тұр. Себебі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік төлқұжаты жоқ және несие, салық, алимент берешегі бар азаматтарды шекарадан өткізгісі жоқ.

Осындай қиындыққа тап болғандардың бірі – Ержан Серікбаев. Ол Ақтаудан Астанаға жүк тасымалдап шыққан.

Жылыой ауданындағы табиғи апатқа байланысты 3 сәуірден бастап Бейнеуде тоқтап тұрғандарына 9 күн болған. Сол жерде өзі тектес 500 жүк көлігі жиналып қалған. Көбінің баратын жері – Алматы, Астана мен Шымкент.

Жүргізуші үш күн бұрын Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевпен тікелей сөйлескенін айтты. Вице-министрге тым болмаса, Бейнеу-Арал аралығындағы теміржолды бойлап жүретін қара жол бар, соның құм үрлеп тастаған жерлерін ысырып беретін техника қосып беру жөнінде өтініш айтқан. Бірақ министрдің орынбасары ондай мүмкіндік жасап бере алмайтын болған.

Енді оның соңғы үміті Бейнеу-Ақжігіт арқылы Өзбекстанға кіретін дәліз ашып берсе, сол арқылы Сарыағашқа өтіп кетуді көздейді. Ары қарай Қарақалпақстан территориясымен Қоңырат-Самарқанд жолымен Ташкентке шығып кетпек. Үш күн бұрын Маңғыстау облысы көліктік бақылау инспекциясы хабарласып, Өзбекстан тарапымен келісімге келгенін хабарлаған. Осыған байланысты облыстық инспекция тасымалдаушылар туралы толық мәліметті (тұлғаның атауы, жүргізушінің аты-жөні, жеке куәлік н/е төлқұжат, автокөліктің маркасы, мемлекеттік белгісі, бағыты, жүктің атауы, мақсаты (гуманитарлық көмек) және тағы басқа) WhatsApp қосымшасы арқылы сұратқан.

Көлік министрлігі ресми ақпаратта көлік санын біраз азайтып көрсеткен. Министрлік хабарлауынша, қазір олар өзбекстандық әріптестерімен Құлсары маңында тұрып қалған фураларды өткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Атырау облысындағы Құлсары-Доссор республикалық трассасының бөлігін су басуына байланысты 98 отандық және 260 шетелдік жүк көлігінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ал Маңғыстау облысында 67 көлік жиналған, оның 16-сы отандық, 51-і шетелдік, - деп жазылған ресми хабарламада.

Қазір аталған министрлік Өзбекстан тарапымен бірлесіп Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы «Тәжен» және «Қонысбаев» өткізу пункттерінен Өзбекстан аумағы арқылы отандық автокөліктерді транзитпен өтуінің оңайлатылған тәртібін орнату мәселесін пысықтап жатыр.

Аталған жол бөлігіндегі жағдай және қалпына келтіру жұмыстарының мерзімі туралы министрлік қосымша хабарлайды.

Ержан Серікбаевтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен төлқұжаты жоқ және несие, салық, алимент берешегі бар азаматтарды елден шығара алмайтыны туралы хабар келген. Бұл жағдайды қиындатқан.

Құжаттары толық жүргізушілер өздері-ақ әлдеқашан Өзбекстанға өтіп кеткен.

Басымда несием, төлей алмай жүрген салығым бар. Сол себепті банк картам бұғатталған. Әйелімнің есепшотымен жүрмін. Шетелдік төлқұжатым жоқ. Енді қайтерімді білмей тұрмын, - деді Ержан Серікбаев.

Қазір ол Бейнеудің солтүстік бетінде шамамен шамамен 500 жүк көлігі шоғырланғанын жеткізді.

Сонымен қатар Доссордан Құлсарыға қарай баратын жолдың бойында да дәл осындай жағдай екенін, онда да кемі 500 жүк көлігі жол бойындағы шәйханалар мен автотұрақтарда қаңтарылып тұрғанын айтты.

Бұдан бөлек, тағы біраз жүргізуші жол ашылғанын күтіп Ақтауда жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама