Halyq Uni логотип
×

«Мойында дейді екен»: Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті сарбаздың ата-анасы әділдік іздейді

Айып тағылған Айболаттың ата-анасының айтары көп

«Мойында дейді екен»: Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті сарбаздың ата-анасы әділдік іздейді
коллаж: Halyq Uni

Ант қабылдап үлгермей ауыр айып тағылған атыраулық сарбаз Айболат Аманжоловтың ата-анасы әділ тергеуді талап етеді. Оны Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде қайтыс болған маңғыстаулық Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп қамауға алған. 

Алайда «балама жала жабылды» деген ата-ана шындық ашылмай қала ма деп шырылдап отыр. Өйткені сарбаздың өлімінен кейін қорғаныс министрлігі марқұмның «жүрегі қысылған, тамақтан уланды, дене жарақаты жоқ» деген ақпарат таратқан. Кейін «соққыға жықты» деп өзімен бірге әскери борышын өтеуге барған атыраулық сарбаздың қолына кісен салынды.

Бұл туралы КТК теларнасының сюжетінде көрсетілді. 

«Сарбазды соққыға жықты» деп айып тағылған атыраулық Айболат Аманжоловтың ата-анасы ұлдары Отан алдындағы борышын өтеуге кеткеніне қуанып ант қабылдау күнін асыға күтіп жүрген. Алайда дәл сол әскери бөлімде курсант Әлібек Қалбай қайтыс болды деген қайғылы хабар келеді. Осыдан кейін көп ұзамай Айболат ата-анасына хабарласып «Әлібектің өліміне өзін айыптап жатқанын айтқан. Мұны естіген әке-шешесі алып ұшып Қордайдағы әскери бөлімге барыпты. Бірақ қанша өтінгенімен, баласымен кездестірмеген.

«Бізді кіргізбейді, баланы көрсетпейді. Баланың жүрегі ауырып, жүректің дәрісін ішіп жатыр дейді. Ол не дәрі екенін де білмейміз! Қасына 10 жыл отырып келген біреуді бірге отырғызыпты. Адвокат қаулымен таныссын деп апарып берген ғой. Солардың барлығын анау қасындағы жігіт оқып алып:«Айболат, сен мойндасайшы» дейді екен», – дейді Айболат Аманжоловтың әкесі Азамат Жұмағазиев.

Сарбаздың өлімі 22 сәуір күні тіркелген. Ал ертесінде әскери тергеуші қайтыс болған баланы Айболат Аманжолов ұрды деп айыптап, бұлтартпау қаулысын шығарып қойған. Алайда он күннен кейін қорғаныс министрлігінің тәрбие ісі мен идеологияға жауапты орынбасары Серік Борамбаев бұқаралық ақпарат құралдарына  «маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай сапта тұрған жерінде есінен танып құлаған, денесінде жарақат жоқ, тамақтан улануы мүмкін» деген ақпарат таратты. Осылайша министрлік пен әскери бөлім тергеуінің мәліметі бір-бірімен қабыспай, екі жақтың да ата-аналарын ашындырып отыр.

Тәуелсіз сарапшылар қайтыс болған сарбаздың басынан қатты соққы алғанын, іш-құрылысы зақымданған, денесінде бірде-бір зақым жоқтығын айтқан. Бұл кәсіби спортшы, не өте ауыр соққыдан болатын жарақат екен. Алайда бұл сараптамаларды тергеу материалдарына қоспай отыр дейді ашынған ана. 

«Кәсіби адам соққан, ол немен соғады? Не боксер, не қолына одеяло орап алады, не көпшік соғады.Ол кісі бәрін айтты. Содан кейін баланы жоғарыдан құлаған деді. Негізі мынаның қорытындысы бала жоғарыдан құлағандай дәрежеде. Олар погон үшін бәріне барады деп отыр. Күресесіңдер дейді», –дейді Айболат Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісова.

Айып тағылған Айболаттың ата-анасының айтары көп. Қорғаныс министрлігі өрімдей жастарға қорған бола алмай отырғанына наразы. Тергеуді жан-жаққа бұрмалап отыр деген олар жоғарғы инстанциялардың барлығы жұмылып ақиқатын ашып, әскерге әділет орнатсын деп талап етеді

Серіктес жаңалықтары

Сараптама