Астанада көлікті мас халде жүргізген әйел жүктілігі туралы жалған анықтама берген

Динара Амантай

Ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды

Фото: Halyq Uni

Мас күйінде көлік жүргізу елорда жолдарындағы өрескел бұзушылықтардың бірі болып қала береді. Биыл ғана қалада осындай әрекеттер үшін 350 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық прокуратураның мәліметінше, үйлестіру кезінде осы жылы 350-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 43-і – мас күйінде автокөлікті басқарған әйелдер.

Құқық бұзушылар жазадан жалтару мақсатында қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын басқа да құқыққа қарсы әрекеттер жасайтын жағдайлар бар.

Мысалы, қала тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алынбау мақсатында сотқа жүктілік туралы анықтама берді, ол жалған болып шықты. Сот оны 15 күнге қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Оған қатысты жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, көлікті алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқару 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға және 9 жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.