Қазақта жеті ата түсінігі әуелден қалыптасқан...
Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әлеуметтік желідегі парақшасында қырғыз имамдарының пәтуасына наразылығын білдіріп, жазба жариялады.
Кәсіпкер бір туған бауырлардың балалары бір-біріне үйлене алады деген имамдардың сөзін түсіне алмай әлек.
«Мына имамдардың айтуынша, ағайынды адамдардың балалары бір-біріне үйлене беруіне әбден болады екен. «Жеті ата өтпей үйленуге болмайды» деген сонда қазақтың надандығы ма? «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейсіздер ғой. Сонда осы имамдарды, ислам ғалымдарын тыңдасақ не болғаны? Ұрпағымыз азғын болып кетпей ме?», – деп жазды Ахметбек Нұрсила.
Айта кетейік, қазақта жеті ата түсінігі әуелден қалыптасқан. Бұл қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б., жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толған күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған.