×

Оралда үй кезегінде тұрған 189 адам тізімнен шығып қалды: әкімдіктің есебі басқа

Мәселеге облыс басшысы Ғали Есқалиев те араласты

 Халық үні 01.06.2022 | 19:51
көрнекі фото: ibirzha.kz

Орал қаласында үй кезегінде тұрған 189 адам тізімнен шығып қалғанын, 247 адам баспананы заңсыз алғанын Антикор анықтаған. Алайда бүгін Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев әкімдік тарапынан ешқандай қателік болмағанын, үй кезегінде тұрғандар заң бойынша есептен шығарылғанын мәлімдеді.

«Біріншіден, кезектен шығарылған 189 адамға келсек - сәуірде жүргізілген мониторг кезінде анықталған ақпарат. Бұл – жалпы облыс бойынша кезектен шығарылғандардың саны, ал Орал қаласы бойынша – 55 адам. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңының 73-бабында қандай себептермен кезектен шығарылатыны нақты жазылған. Заңға сәйкес, баспана кезегі келгенде атында үйі болса, жер алып үй салған болса, мекенжайын ауыстырған болса, оларды кезектен алып тастаймыз. Кейбіреуінің қалада мекенжай тіркеуі жоқ болды. Жұмыстан шығып кеткендер де болды. Бірақ осы баптың соңғы тармағында жазылған: көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар есептен шығаруға жатпайды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген балалар кәмелетке толған болса, оларды да есептен шығара алмаймыз. Бірақ 2020 жылы сол кездегі вице-министр Өскенбаевтан хат келген болатын. Ол бойынша арнайы түсініктеме беріліп, хабардар етілді. Осы үш санат балалары 18 жасқа толмаған болса кезектен шығарылмайды. Ал олардың баспанасы болса немесе көшіп кеткен болса, біз кезектен шығара аламыз. Біз заң аясында ескерте отырып кезектен шығардық», - дейді Қанат Өмірәлиев.

Тізімнен шығып қалғандардың ішінде құқығын сот арқылы қорғап, сот шешімімен кезегін қалпына келтіргендер де бар болып шықты. «Егер сотпен дәлелдеп, сот шешімімен келсе, кезегін қалпына келтіреміз» деді әкімдік өкілі.

«Заңсыз жолмен баспана алған 247 адамға келсек, бұл азаматтар тұрғын үй қорынан шаршы метр алғандар. Пәтерлер ротация бойынша басқа облыстан қаламызға келген медицина қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне берілді. Соңғы 10 жылда 100 дәрігерге пәтер берілді. Қызметі ауысып келген құқық қорғау қызметкерлері де пәтер алды. Олардың баспана мәселесін шешуде заңсыздық болған жоқ», - дейді Қ.Өмірәлиев.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, қазір облыс орталығында баспана кезегінде 13 санат бойынша 22 мыңнан астам адам тұр. Олардың көбі - көпбалалы отбасылар, соғыс ардагерлері, жетім балалар, толық емес отбасылар.

Бүгін БҚО әкімі Ғали Есқалиев Facebook желісіндегі парақшасында пікір білдіріп, жағдайды жеке бақылауына алғанын жазды.

«Орал қаласында үй кезегінде тұрған азаматтардың кезегі заңсыз шегерілуі мен пәтерлердің заңсыз берілуі туралы республикалық БАҚ беттерінде шыққан мақала бойынша Орал қаласының әкімдігіне толыққанды ақпарат беруді тапсырдым. Егер мақалада көрсетілген фактілер расталса, жауапты лауазымды тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл мәселені жеке бақылауымда ұстаймын», - деп жазды облыс әкімі.  

Соңғы кезде Орал қаласында тұрғын үй мен жер теліміне қатысты жиі дау шығып жүр. Жуырда заңгер Бақытжан Базарбек 2019 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қыркүйегі аралығында Орал қаласының әкімдігі мен AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесе отырып инвестициялық жобаға деп берген 23 жер телімі жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткенін жазған болатын. Заңгер бұл іс бойынша AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама