Halyq Uni логотип
×

Баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады – заң жобасы

Отбасының шырқын бұзғандар мен педофилдерге жаза күшейеді

 Дәурен Ерболат 11.04.2024 | 15:47
Баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады – заң жобасы
көрнекі фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуді, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.

«Құжатта Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізіледі. Біріншіден, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық қылмысын жасаған адамға Кодекстің ерекше бөлігінде көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады. Екіншіден, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу» баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді», - деді Сенат депутаты Жанна Асанова.

Сенатордың айтуынша, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталады, оның орнына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Сондай-ақ жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.

Сонымен қатар 16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстыру арқылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, - деді сенатор.

Сондай-ақ заңда төмендегі ережелер қарастырылған:

  • «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте Отбасын қолдау орталықтарының құқықтық мәртебесі және олардың атқаратын қызметтері туралы, отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық әрі психологиялық көмек көрсету жөніндегі 111 байланыс орталығы туралы нормалар бекітіледі;
  • Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға күш қолдана отырып, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсету тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі;
  • Балалардың құқығын қорғау үшін Кәсіпкерлік кодексте меншік нысанына және ведомстволық бағынылыстылығына қарамастан интернаттық ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, баланың құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ стационар, жартылай стационар жағдайларында мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда алдын ала ескертусіз, мемлекеттік бақылау жүргізуді көздейтін нормаларды енгізіледі;
  • Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі қызметтің сапасын арттыру мақсатында оны лицензиялауды енгізу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін лицензиялау енгізіледі;
  • Неке және отбасы институтын нығайту, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларына) жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін кеңейту көзделеді;
  • «Автомобиль көлігі туралы» заңы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз үшін 16 жасқа толмаған, ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері ертіп жүрмеген баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салатын нормамен толықтырылды;
  • Өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтарды құру және олардың қызметі туралы нормалар енгізіледі.

Жанна Асанова заңға әйелдер мен балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік сипаттағы маңызды нормалар қарастырылғанын атап өтті.

Негізгі заң Қазақстанның 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде 7 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заңда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске түзетулер енгізу ескерілген, - деді депутат.

Сенат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде заң жобасын екінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама