×

Қуандық Бишібаевты ұстау барысында заң бұзылды ма – ІІМ жауабы

Сотта көрсетілген видеода полицияның Қуандық Бишімбаевтың қолындағы кісенді шешіп, шылым шегуіне рұқсат бергені байқалады

 Дәурен Ерболат 11.04.2024 | 13:34
скриншот: видео

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты ұстау кезінде полиция өкілдерінің күдіктінің қолына салынған кісенді шешіп, темекі шегуіне рұқсат бергеніне қатысты пікірін айтты.

Сенат кулуарында журналистердің бірі министрдің орынбасарына «Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қылмыс жасағаннан кейін ұсталуына қатысты сұрақ. Біз сотта көрсетілген полицияның жетоны арқылы түсірілген видеоны көрдік. Онда полицей Қуандық Бишімбаевтың қолындағы кісенді шешіп, шылым шегуіне рұқсат берген. Бұл заңға қайшы емес пе? Себебі, Қуандық Бишімбаев адам өлтірді деген күдікке ілінді ғой?» деп сұрақ қойды.

Игорь Лепеха бұл видеоны көрмегенін, оны тексеру керектігін атап өтті.

Мен бұл видеоны көрген жоқпын. Алдымен оны тексерейік. Олар шылым тартуына рұқсат бермеуі керек еді. Қолына салынған кісенді шешуге болады. Ол (Қуандық Бишібаев) көлікке отырғызылғанша кісенде болуы керек. Біз ол көлікке отырған соң қолындағы кісенді шеше аламыз. Бұл – қалыпты жағдай, ертең бізді азаптады деп айыптамау үшін керек. Бұдан қорқынышты жағдайды көріп отырған жоқпын. Бұл видеоны тексеру керек. ІІМ-де полицияның әрекетін бағалайтын құзырлы орган бар.

ІІМ-ге барған соң бұл мәселені көтеремін, бірақ оны мен бақыламаймын. Тиісті мекемеге осы жағдайды бақылауға алу керектігін айтамын. Егер протокол барысында заң бұзылғанын анықталса, кінәлілерді жауап тартайық, - деді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама