Halyq Uni логотип
×

Судьяны ауыстыруды талап ету: заңда не жазылған?

Айжан Құлбаева – Астана қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

 Айгерім Таубай 11.04.2024 | 11:38
Судьяны ауыстыруды талап ету: заңда не жазылған?
фото: Halyq Uni

11 сәуірде Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваны ауыстыруды сұрады. Оның талаптары қылмыстық-процестік кодексте айқындалған.

Halyq Uni судьяның қандай жағдайда ауыстыруға болатынын және шешімді кім қабылдайтынын нақтылады.

Заңға сәйкес, судья қылмыстық іс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдікті, айыпталушы немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурор, қорғаушы, тергеушiнiң не процеске қатысушылардың бірінің жекжаты болса, істі қарай алмайды.

Сондай-ақ судья осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар анықталса, iстi қарауға қатыса алмайды. 

Ал судьяға қылмыстық процестің кез келген сатысында қарсылық білдіруге болады. Ол үшін судья әрі қарай іске қатыса алмайтын мән-жайлар белгілі болуы қажет.

Шешімді кім қабылдайды? Заңға сәйкес, судьяға қатысты қарсылықты сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда, жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қуандық Бишімбаевтың ісін қарап жатқан судья Айжан Құлбаева – 2022 жылдың 28 желтоқсанынан бері Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы. Бұл жағдайда шешімді кімнің қабылдайтыны әлі айтылмады.

Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi, - делінген заңда.

Ал судьяны ауыстыру туралы өтінішті қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы қаулыға тараптар шағымдана алмайды. Тек апелляциялық шағым, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау барысында дәлел арқылы енгізе алады.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше қылмыстық іс бойынша қорғау тарапы судьяны ауыстыруды сұраған. Соның бірі – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс. 2023 жылдың 18 сәуірінде Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова істі қарап жатқан Байқоңыр ауданы сотының судьясы Кемеңгер Имашевті ауыстыруды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама