×

Қайрат Сатыбалды ісі: прокурор шетелдегі активтерді қайтаруға уақыт сұрады

Сот отырысы процестік келісім жасау туралы мәселені шешу үшін кейінге қалдырылды

 Халық үні 11.04.2024 | 11:22
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпталған Қайрат Сатыбалдыға қатысты кезекті сот отырысы өтті.

Былтыр сот отырысында сотталушы кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы өтінішхат берген. Сот тараптарға осы мәселені шешуге уақыт белгілеген болатын.

Бүгінгі сот отырысында прокурор активтерді, оның ішінде шетелдегілерін қайтару рәсімі уақытты талап ететініне назар аударып, істі кейінге қалдыру және тараптарға аталған рәсімдерді орындау үшін мерзім беру туралы өтінішхат берді.

Сот отырысы процестік келісім жасау туралы мәселені шешу үшін кейінге қалдырылды.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айырылды.

Ол жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама