×

Мұнай-газ саласына ақша салмақ болған әйел 4 млн теңгесінен айырылды

Жоғарғы Сот апелляцияның қаулысын жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды

 Динара Амантай 11.04.2024 | 10:35
Фото:

Мұнай-газ саласына ақша салмақ болған әйел 4 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жоғарғы соттың мәліметінше, бейтаныс азамат әйелге телефон соғып, өзін мұнай-газ саласындағы компанияның делдалымын деп таныстырып, оған ақша салып, аз уақытта табыс табуды ұсынған. Әйел келісіп, бейтаныс адам көрсеткен карта нөміріне жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам ақша аударған. Кейін оған бұл компанияның Қазақстанда тіркелмегені және делдалдық қызметті іске асыруға лицензиясы жоқ екені белгілі болған. Осыған байланысты әйел жауапкердің әрекетін негізсіз баю деп атап, 4 миллион теңгеден астам соманы өндіруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырды. Талап қоюшының пайдасына жауапкерден негізсіз баю үшін алған 4 миллион теңгеден астам сома өндірілді. Талап қоюшының өз талаптарын растай отырып, жауапкерге көрсетілген қаражатты аудару және алу фактісін растайтын дәлелдемелерді ұсынғаны атап өтілген.

Апелляция осы сот актісін бұзып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдаған. Бұл шешім жауапкердің талап қоюшы сияқты үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны екендігіне негізделіп, ҚР ҚК-нің 960-бабы 4-тармақшасына сәйкес, талап қоюшының негізсіз баюды өндіруге құқығы жоқ деген уәж келтірген.

Жәбірленуші апелляциялық соттың шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа жүгінген. Іс материалдарымен карта иесінің көрсетілген нөміріне 4 миллион теңгеден астам қаражат аударылғаны расталды. Ол кейін бұл қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған, бұл банк шотынан үзінді көшірмемен расталады. Сондай-ақ талап қоюшының шоттарынан карта ұстаушының шотына жоғарыда көрсетілген қаражатты аударуға негіз немесе міндеттеме жоқ екені анықталды.

Жоғарғы Сот апелляцияның қаулысын жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама