Әзербайжаннан қылмыстық топтың басшысы экстрадицияланды

Динара Амантай

Бұған дейін осы қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар 12 адам түрлі жазаға тартылған

Фото: видеодан скриншот

Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оның қызметіне басшылық еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2016-2018 жылдар аралығында күдікті Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған қылмыстық топты тікелей басқарған. Осы қызметтің салдарынан мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін тергеуден жасырынған оған халықаралық іздеу жарияланды. Кейін күдікті Әзербайжан аумағында ұсталды.

Әзербайжан Республикасының Бас прокуратурасымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының оны ұстап беру туралы сұрау салуы қанағаттандырылды. Қазір ол Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетсек, 2019 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының соты осы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар 12 адамды түрлі жазаға соттады.