Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: Атырау облысына 300-ден астам әскер көмекке бара жатыр

Жылыой ауданында табиғи апаттың кесірінен жағдай әлі де қиын болып тұр

 Дастан Жұмабекұлы 10.04.2024 | 16:09
Су тасқыны: Атырау облысына 300-ден астам әскер көмекке бара жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Атырау облысына су тасқынының алдын алуға және халыққа қол ұшын созып, қауіпсіз жерге көшіру үшін Қорғаныс министрлігінің 300-ден астам әскери қызметшісі көмекке бара жатыр.

Теңіз жаяу әскері бригадасының әскери қызметшілері көктемгі су тасқынына қарсы күресте халыққа көмек көрсету үшін іргелес Махамбет ауданына 13 әскери техникамен жолға шықты.

Қазір Атырау облысында Құлсары қаласының жағдайы өте қиын. Тасқыннан қатты зардап шеккен қалада қалған тұрғындар суға кеткен үйлеріне қарайлап жүр. 

Ресми мәлімет бойынша, Құлсарыда 31 шағын ауданның 10 шақтысын су басқан. Шамамен 2 600 үй су астында қалған.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, жағдай әлі де қиын болып тұр. Қазіргі басты мәселе – қаладағы судан арылу.  Күштің бәрі соған кетіп жатыр. Құрсай өзегінің айналасы бекітіліп, су 6-ауыл жаққа қарай шығарылып жатыр. Тасқын басып кететіндей қауіп жоқ.

Жалпы, Құлсарыда 31 шағын аудан бар. Қазір соның 10-ға жуығын су басқан. Жылыой ауданының әкімі тасқын салдарынан материалдық шығынға батқан азаматтардың дүние-мүлкін мемлекет өтейтінін айтты. Құлсары қаласының тұрғындары әкімдікте су астында қалған үйлері бойынша қандай көмек көрсетілетінін сұрап, шығындарды есептеу тізіміне тіркеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама