ҚТЖ-ға қарасты мекеме директорының орынбасары қызметінен босатылды
Ол шетелдік кәсіпкердің құқығын қасақана бұзған
Алматы көлік прокуратурасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшесі тарапынан кәсіпкердің құқығын қасақана бұзу фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, вагон депосының басшылығы Қырғызстан кәсіпкеріне тиесілі кептірілген жемістер тиелген транзиттік контейнерлерді заңсыз ұстаған. Вагондардың тоқтатылуына олардың техникалық жарамсыздығы себеп болғаны көрсетілген.
Қадағалау органы теміржол ұйымы қызметкерлерінің жүкті ұстауға нақты негіздері жоқ екенін, вагондардың жарамды жағдайда және барлық жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізілгенін анықтады. Көлік прокуратурасы қадағалау актісінің арқасында шетелдік кәсіпкердің заңсыз ұсталған контейнерлері өз бағыты бойынша жөнелтіліп, вагондардың тоқтап қалуы үшін есептелген сома жойылды.
Сонымен қатар, Алматы эксплуатациялық вагон депосы директорының орынбасары қызметінен босатылып, бірінші басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.