×

Жетісу облысында мектептерде сотталғандар жұмыс істеп, есепшілер ақша ұрлаған

Оқушылар үшін жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен азық-түлікті сақтау фактісі де тіркелді

 Дәурен Ерболат 10.04.2024 | 11:11
Фото: gov.kz/ Қарағанды облысының прокуратурасы

Жетісу облысында прокурорлар мектептерде балалардың қауіпсіздігі сақталмағанын анықтады, деп хабарлады облыстық прокуратура.

Прокурорлар өңірдегі білім беру мекемелерінде 300-ден аса санитарлық-эпидемиологиялық норма мен өрт қауіпсіздігін бұзу фактілерін анықтады.

  • Тексеру барысында облыстағы 5 мектеп маңында жаяу жүргіншілер өткелдері мен «Балалар» белгілерінің қойылмағаны белгілі болды;
  • Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласындағы 2 мектеп аумағының толық қоршалмағаны анықталды. Бұл білім беру мекемесінің аумағына бөгде адамдардың оңай кіріп кетуіне мүмкіндік береді;
  • 60 мектепте бейнебақылау камераларының көпшілігі жұмыс істемейді. Оның 170-і ғана полицияның орталық жедел бөлімдеріне қосылған;
  • 25 мектеп мерзімі өтіп кеткен санитарлық қорытындысымен жұмыс істеген;
  • Кейбір жағдайда оқушылар үшін жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен азық-түлікті сақтау фактісі тіркелді;
  • 17 мектепте оқушылардың тыйым салынған интернет-контенттерге еркін қол жеткізу жағдайлары анықталды;
  • Еңбек заңнамасының талабына қайшы, мектептерде бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған 3 күзетші жұмыс істеген. Олардың бірі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған;
  • Сондай-ақ Кербұлақ ауданы білім бөлімі есепшілерінің бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Барлық анықталған заң бұзушылықты жою бойынша 40 қадағалау актісі енгізілді. 135 адам әкімшілік жауапкершілікке, оның 41-і тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама