×

Бірнеше облыста табиғи апат туралы жалған ақпарат таратқандар анықталды

Қазақстандықтар тәртіпке бағынуға тиіс

 Дәурен Ерболат 09.04.2024 | 18:01
Фото: todayinfo.kz

Полиция Маңғыстау және Қостанай облысында жалған ақпарат таратқан тұрғындарды анықтады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол жалған ақпараттың таралуына жол бермеу үшін ішкі істер органдарының ақпараттық кеңістікті бақылап отырғанын жеткізді.

Мысалы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны су тасқыны салдарынан қалада жол жабылды деп жалған ақпарат таратты. Сол үшін ол жауапқа тартылды. Сондай-ақ Қаратомар су қоймасында жарықшақ туралы жалған ақпарат таратқан Қостанай қаласы тұрғынының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Істі сотқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты жалған ақпарат таратушылар жауапқа тартылатынын ерекше ескертеміз, - деді Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ ол Қостанайда полицейдің заңды талабына бағынбаған 4 адамның жауапқа тартылғанын жеткізді. Олар су басқан аймаққа кіруге тырысқан.

6 сәуірде түнде Қостанайда тереңдегі 1 метрге жететін су басқан аумаққа өтпек болған мас адамдар тоқтатылды. Ұстау кезінде олар полицияға қарсылық көрсетіп, талапқа бағынбаған. Бұдан бөлек, құқық бұзушылар қоғамдық орында мас жүргені, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, - деді төраға.

Қайсар Сұлтанбаев қазақстандықтарды төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынуға, жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Еліміздің заңнамасына сәйкес, төтенше жағдай мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасау жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп саналады. Мысалы, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін де жаза күшейтіледі. Осы кезде көрінеу жалған ақпарат тарату, билік өкіліне бағынбау, оны қорқыту немесе зорлық-зомбылық жасау жауапкершілікті ауырлатады.

Сондай-ақ заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде лауазымды тұлғалардың да жауапкершілігі артып отыр. Қызмет барысындағы әрекетсіздік, құқық қорғау органы қызметкерлерінің өз міндеттерін орындаудан жалтаруы қылмыстық жауапкершілікті ауырлатады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару қағидаларын бұзғандарға, ғимараттарға шабуыл жасау мен мүлікті қауіпті тәсілмен жоюға қарсы шараларға қабылдамаған басшының әрекетсіздігі үшін жауапкершілік күшейеді.

Құрметті қазақстандықтар, Ішкі істер министрлігі су тасқыны болған өңірлердегі тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, мүліктерінің сақталуын қамтамасыз етуге арналған іс-шараларға түсіністікпен қарауға, оларға қол ұшын созуға шақырады, - деді комитет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама