Halyq Uni логотип
×

Cу тасқыны: «Қазақстан халқына» қоры көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге ұлғайтты

Бүгінде жиналған қаражат шамамен 400-ден аса үй салуға жетеді

 Дәурен Ерболат 09.04.2024 | 12:12
Cу тасқыны: «Қазақстан халқына» қоры көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге ұлғайтты
Фото: Halyq Uni

«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтатын болды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі су тасқыны салдарынан зардап шеккен еліміздің бірқатар өңірінде көмек көрсету мәселесін қарады. 

Бұған дейін қор ауылдарда 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлетінін хабарлаған. Апаттың ауқымы мен оның салдарын ескеріп, қордың қамқоршылық кеңесі осы мақсатқа 10 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұдан бөлек, 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардан қордың шоттарына түскен барлық қайырымдылық қаражаты зардап шеккендерге үй салуға аударылады.

Биыл 9 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтар мен компаниялардан 970 млн теңге түсті. Қор қаражаты мен жиналған ақша есебінен 430-дан аса үй салуға болады. Жаңа донорлар белсенді қатысқан жағдайда қор үйлер санын едәуір арттырады деген болжам бар.

Су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру қажеттілігі анағұрлым жоғары екенін ескеріп, «Қазақстан халқына» қоры жанашыр азаматтар мен заңды тұлғаларды мемлекет басшысының зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинау жөніндегі бастамасын қолдауға шақырады. Қор қайырымдылық үшін qazaqstanhalqyna.kz ресми сайтында көрсетілген шоттар мен деректерді пайдалануды сұрайды. 

Қор төлеуші ретінде қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етеді. Елді мекендерді, құрылыс орнын таңдау және жер учаскелерін беру, құрылыс компаниялары атынан мердігерлерді айқындау жұмысын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама