×

Су тасқыны: Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары аудан орталығына көшуге дайын

Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан

 Динара Амантай 09.04.2024 | 11:35
Фото: primeminister.kz

Кеше вице-премьер Серік Жұманғарин су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан. Қазір 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Ең көп зардап шеккен ауыл тұрғындары Ойыл ауылындағы 3 эвакуациялық пунктке орналастырылған. Вице-премьер эвакуациялық пункттердің жай-күйін қарап, ондағы адамдардың талап-тілектерін тыңдады. Оларды алдымен залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды. Серік Жұманғарин барлық ұсынысты Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.

Су тасқыны кезінде толығымен су басқан Екпетал елді мекеніндегі 48 және Жаңабастағы 19 үйдің тұрғындары жаңа үй салып берсе, Ойыл ауданының орталығына біржола көшуге әзір екендерін жеткізді. Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы және басқа да зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен көшудің барлық тетігі және мүмкіндіктерін талқылауды тапсырды. Ойылда үй салуға дайын, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жер учаскелері бар.

Келесі кездесу Саралжын ауылдық округіндегі Шикұдық ауылының тұрғындарымен өтті. Онда 200-ге жуық адам тұратын 30 үй бар. Негізгі айналысатын қызмет түрі – мал шаруашылығы, ірі қара мал өсіреді. Қазір ауылға қатынас үзілген. Ал азық-түлік, қажетті тауарлар, жанар-жағармай тікұшақтар немесе қайықтармен жеткізіліп жатыр. Ауылда азық-түлік қоры бар. Электр қуаты дизель генераторлары арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Шиқұдық тұрғындары вице-премьерге ауылды жарық және сумен жабдықтау мәселесін шешу, су құбырын ауылдан 2 шақырым жерде орналасқан, қазір жұмысы тоқтап тұрған ұңғымаға дейін жүргізу туралы өтінішпен жүгінді. Сондай-ақ тұрғындар ауылға жол салуды сұрады. Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев энергиямен жабдықтау желілері еріген қар суы азайған бойда қалпына келтіріле бастайтынын айтты.

Вице-премьер көтерілген басқа да мәселелерді аудан және облыс басшылығының қарауына тапсырды. Сонымен қатар ол Ойыл өзені арқылы өтетін, бүгінде жарамсыз болып қалған көпірді қарап, сол жерде ҚазжолҒЗИ мамандарымен қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау мүмкіндіктерін талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама