Бишімбаев сотта видео көрсетілгеннен кейін де тағылған айыпты мойындамады

Айгерім Таубай

Астана сотында экс-министрге қатысты сот процесі өтіп жатыр

Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Астана сотында азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген айыппен сотқа тартылған бұрынғы ұлттық министрі Қуандық Бишімбаевтан жауап алынды. Қылмыстық істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева сотталушыға бірнеше сұрақ қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Айып тағылғаннан кейін тағылған айыпты толық мойындамайтыныңызды жеткіздіңіз. Тараптар сұрағына жауап бергеннен кейін «қинау» бабы бойынша тағылған айыпқа қатысты ұстанымыңыз өзгерді ме?», деп сұрады судья.

Айыпты мойындамаймын. Салтанатты қинаған емеспін, - деп жауап берді Бишімбаев.

«Қылмыстық іс бойынша сот залында видео көрсетілгеннен кейін және іс материалдарының бір бөлігі зерттелгеннен кейін, бірнеше куәгерден жауап алынғанына қарамасатан, кісі өлтіру эпизоды бойынша ұстанымыңыз өзгерді ме?», - деп нақтылады судья Құлбаева.

Аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтіру айыбын мойындамаймын. Салтанаттың өліміне менің кінәм бар, оны мойындаймын. Менің әрекеттерім оның өліміне әкелді, оған өкінемін. Бірақ оны мақсатты түрде қатыгездікпен өлтіру, қинау деген айыпқа келісе алмаймын. Иә, ұрып-соқтым, бірақ өлтіру үшін емес, соңы осылай болады деп ойламадым, - деді Бишімбаев.

Судья сотталушының Нүкенованы басынан ұрып-соққанын айтып өтіп, «өлтіруге тырыспадым» дегенді түсіндіруін сұрады.

«Бетінен ұрғаным рас, бірақ шапалақтың соңы өлімге әкеледі деп ойламадым», - дейді ол.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің аса қатыгездікпен адам өлтіру және қинау бабы бабы бойынша айып тағылған. Ал оның туысы Бақытжан Байжановқа аса ауыр қылмысты жасырып қалу және аса ауыр қылмысты хабарламау бойынша айып тағылып отыр.

2024 жылдың 11-12 наурызында Астанада қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Соның барысында Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі прокуратураға қайта жіберуді, Бишімбаевтың әрекетін аса қатыгездікпен адам өлтіру бабынан абайсызда қазаға ұшырату бабына қайта саралауды сұрады. Тіпті Нүкенованың құрбыларын да жауапқа тартуды сұраған еді. Алайда сот сотталушы тараптың барлық өтінішін кері қайтарып, тек алқабилерге қатысты бөлігін қабылдады.

Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін де оқыды. Соған сәйкес Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.

Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Арада жанжал шығып, Бишімбаев Нүкенованы ұрып соққан. Салдарынан әйел қайтыс болған.

Бишімбаев 3 сәуірде өткен сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап беріп, қайғылы оқиға болған күнге қатысты өз нұсқасын айтты.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

00:30 шамасына «кетемін» деп айтты. Таксиді кімнің шақырғанын білмеймін. Төменгі қабатқа түстік, бір уақытта ол тоқтады. Сол жерде бір сағат сөйлестік. Кеткелі жатырмын деп, кетпеді. Ғимараттан шықтық, ол жерде де бір сағат тұрдық. Сол сәтте үйге баруды ұсындым. Ол (Нүкенова – ред) ешқандай шешім қабылдамады. Бес сағат бойы бір әңгімені айтумен болды. Бір сәтте менің көлігіме қарай шамамен 5 минут жүрдік. Сол уақытта мен берген сыйлықтарды айта бастады. «Уайымдама, бәрін қайтарамын» деп көңіліме тиді, - дейді Бишімбаев.

Екеуінің арасында жанжал көліктің ішінде жалғасқан. Артынша Нүкенова мейрамханаға қайта кіруді ұсынған. Ал ол уақытта мейрамхана жабылып қалған, алайда асхана арқылы екеуі VIP залға кірген.

Бір уақытта Салтанат айғайға басты. Ол уақытта мейрамханада жұмысшылар бар еді. Ешкім естімеуі үшін дәретхананың ішіне кіруді ұсындым. Ішіне кіріп, еденде отырдық, - дейді Бишімбаев.