Балалар Қазақстан бойынша тегін ұшатын болды
Бұл мүмкіндікті тек Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев үкімет отырысында ел тұрғындары жазғы отбасылық демалысында қалай ақша үнемдей алатынын айтты.
Жиында премьер-министр Әлихан Смайылов ел азаматтарының демалысына жұмсайтын шығынын азайту және ішкі туризмді дамыту мақсатында Kids Go Free – «Балалар тегін саяхаттайды» әуе билеттерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау шарасы күшіне енгенін еске салды.
Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында ішкі туризмді насихаттау және дамыту жұмыстарын жергілікті әкімдіктер белсенді түрде жүргізіп жатыр. Осыған байланысты Дәурен Абаевтан туристік сапарлар аясында балалар әуе билетін субсидиялау бойынша қандай шаралар қабылданғанын сұрады.
Kids Go Free шарасы бар. Біз балаларды тегін билеттермен қамтамасыз ететін боламыз, – деп жауап берді министр.
Kazakh Tourism сайтының мәліметінше, Kids Go Free ата-аналарға елде демалатын кәмелетке толмаған баласының билет ақысын төлемеуге мүмкіндік береді. Бір ескерерлігі, бұл мүмкіндікті тек Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады.
Шара турпакеттің бір бөлігі ретіндегі сапарларға ғана қатысты болып отыр. Оларды ішкі туризмге сапарларды ұйымдастыруға лицензиясы бар туроператордан сатып алу қажет.