Бишімбаев жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беріп жатыр
Астанада экс-министрге қатысты сот процесі өтіп жатыр
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 8 сәуірдегі сот отырысында да экс-министрден жауап алу жалғасты. Сотталушыға жәберленуші тарап сұрақтар қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жіберленуші тараптың адвокаты Жанна Уразбахова Бишімбаевтан 2023 жылдың 9 қарашасында сотталушының не себепті көріпкелге хабарласқаны туралы сұрады.
Адвокат Уразбахова: Өз жауабыңызда 9 қарашада көріпкелге хабаралсқаныңызды айттыңыз. Ол кім? Қанша уақыттан бері таныссыздар? Қай қалада тұрады?
Сотталушы Бишімбаев: Ол Шымкентте тұрады, шамамен 1,5-2 жылдан бері бизнес мәселесі бойынша кейде хабарласып тұрдым.
Адвокат Уразбахова: Көріпкел деп атаған кісінің медициналық білімі бар-жоғынан хабарыңыз бар ма?
Сотталушы Бишімбаев: Бұл маған белгісіз, бірақ мен үнемі оған сендім.
Адвокат Уразбахова: Басқа қалада тұратын, медициналық білімі бар-жоғы сізге белгісіз адам жаныңызда медициналық көмекті қажет етіп жатқан әйеліңізге қашықтан қалай көмектесуі қажет еді?
Сотталушы Бишімбаев: Ол (Салтанат Нүкенова – ред.) ұйықтап жатты. Мен оған (көріпкелге – ред.) сенім арттым. Бизнеске қатысты сұрақтарыма дұрыс жауап беретін.
Адвокат Уразбахова: Нақты қандай сұрақпен жүгіндіңіз?
Сотталушы Бишімбаев: Көгерген жері көбейе бастады, оның қайдан пайда болғанын түсінбедім. Мұрны ісе бастады. Оның неге алып келетінін білгім келді. «Кешке дейін ұйықтап, жақсы болады. Ішімдік ішті, шаршады», деді.
Адвокат Уразбахова: Шымкентте тұратын адам бұл сұраққа қалай жауап беруі керек еді?
Сотталушы Бишімбаев: Оған сенім арттым.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).
Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).