Оқушылар демалатын 210 сауықтыру орталығының тізілімі жасалды
Биыл жазғы демалыста 2,9 млн баланы (1-10 сынып оқушылары) сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамту көзделеді, деп хабарлады Оқу-ағаруту министрлігінің баспасөз қызметі.
Бағдарламада еңбек және шығармашылық жұмыстар, туризм, зияткерлік сабақтармен қатар, халықаралық шараларға қатысу қамтылған.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және жан-жақты ұйымдастыру үшін министрлік 8 мемлекеттік органмен бірге 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Жұмысты үйлестіру үшін республикалық ведомствоаралық штаб құрылды. Өткен жылғы жазғы демалыс кампаниясының нәтижелері талданып, іс-қимыл алгоритмі әзірленді, - деді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева.
Оның айтуынша, мұғалімдерге, балаларға және олардың ата-аналарына арналған бағдарламалар, ережелер, күнтізбелік жоспарлар және нұсқаулар қамтылған әдістемелік ұсынымдар дайындалған. Балаларға арналған нысандарды қабылдау және лагерь қызметкерлеріне нұсқау жүргізу кестелері жасалған.
Айта кетейік, биыл 4 сауықтыру орталығының құрылысын аяқтау жоспарланған. Бүгінде 210 балалар сауықтыру орталығының алдын ала тізімі жасалып, денсаулық сақтау және ТЖ бойынша аумақтық қадағалаушы органдарға өтінімдер жолданды.