Олардың арасында ірі көлемде ақша ұрлағандар да бар
Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі іздеуде жүрген 633 қылмыскерді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Олардың ішінде 17 кісі өлтіруші, 15 тонаушы, 9 қарақшы, 7 бопсалаушы және 35 есірткі қылмыскері бар.
ІІМ криминалдық полиция департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов қылмыскерлерді іздеу тек Қазақстанда емес, шет елде де жүргізілетінін атап өтті.
Оларды ұстауға Интерпол көмектеседі. Биыл қаңтарда Анкара қаласында біз Түркияның Ішкі істер министрлігімен және Интерпол бас хатшылығымен кездесу өткіздік. Бүгінде Түркияда әртүрлі қылмыс жасап, іздеуде жүрген 12 қылмыскер ұсталды, – деді ол.
Қазақстан аумағынан тыс жерде барлығы 38 адам ұсталған. Оның ішінде Түркия, Испания, АҚШ, Швеция, Чехия, Біріккен Араб Әмірліктері, Польша, Ресей, Қырғызстан, Грузия және Өзбекстан елдері бар.
Шетелдік полицияға Қазақстан аумағынан 150 қылмыскер тапсырылды. Мысалы, Ресей Федерациясына – 92, Өзбекстанға – 30, Қырғызстанға – 16, Тәжікстанға – 8, Арменияға – 3 және Әзірбайжанға – 1 адам.
Іздеуде жүрген қылмыскер Дубай қаласында ұсталып, елге әкелінді. Ол 2010 жылы банктен 300 миллионға жуық теңгені иемденген. Сондай-ақ Польшада тағы бір қылмыскер ұсталды. Ол 2016-2019 жылдары Астана қаласында бір компанияның есепшісі болып жұмыс істеп, 400 миллион теңге жымқырған, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 259 адамның қайда жүргенін анықтады.