Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны басталғалы 84 жүкті әйел қауіпсіз жерге жеткізілді

Жүкті әйелдердің бірі жедел жәрдем көлігінде босанған

 Халық үні 07.04.2024 | 10:41
Су тасқыны басталғалы 84 жүкті әйел қауіпсіз жерге жеткізілді
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Еліміздің су тасқыны болып жатқан өңірлерінде 3 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева мәлімдеді.

Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Төтенше жағдайындағы медициналық мекемелер тәулік бойы жұмыс істейді, барлық көмекке мұқтаждарды қабылдайды. Су тасқыны кезеңінде психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылды. Осы мақсатта жедел штаб құрылды. Мамандардың көмегіне мұқтаж барлық адамдармен жұмыс істейтін 30 психолог жұмыс істеп жатыр, - деді министрлік өкілі.

Айтуынша, жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына ерекше назар аударылады. 6 сәуірде Атырау облысында Құлсары қаласынан перзентханадан 12 әйел, оның ішінде 5 жүкті әйел толық мерзімде медициналық ұйымдарға эвакуацияланды. 39-40 апта мерзіміндегі жүкті әйелдердің бірі жедел медициналық жәрдем көлігінде тасымалдау кезінде босанған. Салмағы 3 610 г, бойы 55 см қыз дүниеге келді. Қазір босанған әйел мен бала Бейнеу аудандық ауруханасында, жағдайы қалыпты.

Су тасқыны басталғалы 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Балаларға келсек, уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, әр баланың денсаулығын бақылайды, – дейді Әйгерім Оразалиева.

Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі су тасқынына байланысты сағат 10:00-дегі ақпаратты жариялады. Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қахарман Оразалиннің айтуынша, су тасқыны басталғалы бері Азаматтық қорғаныс қызметтері 72 029 адамды, оның ішінде 16 078 баланы қауіпсіз жерге жеткізді. Уақытша орналасу пунктеріне 14 368 адам, оның ішінде 7 255 бала орналасты.

7,5 миллионнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 952 мыңнан астам қап және 976 мың тонна инертті материал төселді. Қазір авариялық-құтқару жұмыстарында 12 445 адам, 1 300-ге жуық техника, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 686 жеке тұрғын үй, 557 аула және 1 822 саяжай су астында қалды.

«Қазгидометтің» хабарлауынша, 8 сәуірде ел бойынша ауа райы құбылады. Жаңбыр жауып, түнгі уақыттарда еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында жауын-шашын жауады, жаңбыр қарға ұласады.

Қатты жаңбыр күндіз 8 сәуірде еліміздің орталығында жауады деп болжанып отыр. Күндіз ауа температурасы еліміздің батысында, шығысында 13-20 градус жылы, республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде 7-15 градус жылы, орталықта 12-17 градус жылы, еліміздің оңтүстігінде 20-25 градус жылы, республиканың оңтүстік-шығысында 17-22 градус жылы болады, – деді «Қазгидомет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама