Halyq Uni логотип
×

Ұлттық музейде қазақ кескіндемесінің жауһарлары ұсынылды

Көрмеде танымал қылқалам шеберінің тамаша туындылары қойылды

 Дәурен Ерболат 05.04.2024 | 18:50
Ұлттық музейде қазақ кескіндемесінің жауһарлары ұсынылды
Фото: Ұлттық музей

Бүгін Астанада Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрме салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мерейтойлық көрмеде музейдің коллекциясында 10 жыл бойы жинақталған бейнелеу өнерінің үздік жауһарлары ұсынылды. Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Камиль Муллашев, Амандос Ақанаев, Ерболат Төлепбай, Алпысбай Қазғұлов, Ағымсалы Дүзелханов және тағы басқа көптеген қазақстандық танымал қылқалам шеберінің тамаша туындылары бар.

Көрмеде жалпы 200-ге жуық сурет қойылды. Көрермен назарына үздік көркемсурет туындылары, гобелендермен қатар дәстүрлі қолөнер, зергерлік және тоқымашылық өнер бұйымдары, музыкалық аспаптар да ұсынылды.

Экспозициядағы туындылардың басым бөлігі алғаш рет көрмеге шығарылды. Музей қорында сақталған бұл құнды жәдігерлердің бірқатарына күрделі қалпына келтіру жұмысы жүргізілген.

Бүгінгі көрме – Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойы аясында тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылып отырған алғашқы кураторлық жоба. Мақсатымыз – келушілерді қазақ кескіндемесінің тарихы мен даму жолымен таныстырып қана қоймай, оның әлемдік өнердегі өзіндік орнын көрсету болды, - деді Ұлттық музей директордың міндетін атқарушы Айбек Сыдыков.

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші, академик Камиль Муллашев те көрмеге қатысты пікір білдірді.

Бүгін Ұлттық музейімізде үлкен той болып жатыр. Мен өте қуаныштымын. Мұндай тамаша көрме – Қазақстанда өнердің жоғары деңгейде дамығанының айқын дәлелі. Музей қонақтарына осындай мейрам ұйымдастырып жатқандарыңызға көптен-көп рахмет, - деді ол.

Көрме кураторы Ольга Батурина қазақ ұлттық кескіндеме мектебінің даму тарихын бірегей және ерекше құбылыс ретінде көрсететінін бұл мерейтойлық көрме еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға екенін атап өтті.

Айта кетейік, көрме Ұлттық музейдегі 4-қабат №2 Бейнелеу өнері залында 31 шілдеге дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама