БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 184 мың теңгеден төленді
Қауіпті аймақтан 7 мыңға жуық адам эвакуацияланды
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупі сақталып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов айтты, деп хабарлады «Мой город».
Әкім орынбасарының айтуынша, өңірдегі аудандар ғана емес, Орал қаласын да су басуы мүмкін. Бүгінде табиғи апаттан 552 үй қираған. Оның 292-сі тұруға мүлде жарамайды. 145 үй су астында қалған. Басшы бұл сандар нақты емес екенін, деректер күн сайын жаңаратынын атап өтті.
Қазір су тасқынынан 6 868 адам эвакуацияланды. Оның тең жартысы – балалар.
Біз қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. 158 млн теңгеге азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек сатып алынды. 10 мектеп қашықтан оқитын болды. Эвакуациялық пунктерге 3 684 адам орналастырылды. Осы күнге дейін 1 051 адам сол жерде, қалғандары үйлеріне оралды. 10 елді мекенмен байланыс үзілді. Оның 8-і Қаратөбе ауданында орналасқан. Олар барлық қажет затпен қамтамасыз етіліп жатыр, - деді Қалияр Айтмұхамбетов.
Тасқын салдарынан 179 бас ірі қара, 47 бас жылқы, 60 бас шошқа және 1 442 бас ұсақ мал, 119 үй құсы өлген. Облыста материалдық залалды өтеу үшін арнайы комиссия құрылып, арнайы алгоритм жасалған.
Алғашқы материалдық көмекті БҚО-ның 375 отбасы алды. Әр отбасына 184 600 теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.