×

Есірткі тұтынған 16 жүргізуші жауапқа тартылды – ІІМ

300-ге жуық қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік басқарған

 Дәурен Ерболат 05.04.2024 | 15:45
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Елімізде есірткі пайдаланып, көлік басқарған 16 адам жауапқа тартылды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ішкі істер министрлігі Наурыз мейрамы қарсаңында және мереке аяқталғаннан кейін елімізде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген.

Іс-шараға 14 мыңға жуық полицей мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды.  10 күнде іздеуде жүрген 71 адам ұсталып, белгіленген тұрғылықты жеріне келмеген 24 сотталған азамат анықталды. Арнайы қабылдау-тарату орнына 661 адам орналастырылды. Олардың арасында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар мен құжаттары жоқ шетелдіктер бар, - деді Шыңғыс Алекешев ІІМ-де өткен онлайн брифингте.

Рейдтік іс-шаралар барысында:

  • Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен алып жүрудің 362 фактісі анықталды;
  • 92 келі есірткі;
  • 35 атыс қаруы және 161 суық қару тәркіленді.

Сондай-ақ полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударған.

Іс-шара барысында жылдамдық режимін сақтамаудың 22 мың фактісі, жолдың қарсы бөлігіне шығудың 337 фактісі тіркелді. Көлікті мас күйде басқарған 437 жүргізуші ұсталды. Оның 16-сының есірткі тұтынғаны анықталды. 267 адамның жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік басқарғаны белгілі болды, - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама