×

Қызметі төмендеп, айлығы қысқарған: СҚО тұрғыны операциядан кейін мүгедек болып қалды

Науқас енді Ресейге барып ота жасатпақ, бірақ оған қаржы жағы қолбайлау болып отыр

 Самат Жақып 01.06.2022 | 11:35
фото: Айнұр Қозыбаева, Майра Сексенова

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының тұрғыны Майра Сексенова қалқанша безіне ота жасатып, операциядан кейін даусы шықпай қалған. Майраның айтуынша, Петропавл дәрігерлері науқастың дауыс сіңірін зақымдап алған.

2020 жылдың 24 тамызында Майра Сексенова облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылады. Порталда кезегін күткен азаматшаға келесі күні операция жасалған. Ақ халаттылар оның қалқанша безіне ота жасап жатқан кезде, оның дауыс сіңірін зақымдап, кесіп тастаған. Содан бері екі жылға жуық уақыт өткен. Одан кейін 48 жастағы әйелдің жағдайы нашарламаса, оңалмаған.

«Операцияға дейін маған бір ғана диагноз қойылды. Қазір маған басқа диогноз қойылып отыр. Дәрігердің қателігінен сөйлеуім өте қиындап кетті. Ауа жетпей ентігіп қала беремін, тез шармаймын. Кейде тыныс алудың өзі қиындап кетеді. Ал ағзама кальций витамині жетпеген соң, денем жиі құрысып қала беретін болды. Мұнымен қоса, күн ыстық болса мүлде көтере алмаймын», - дейді Майра Сексенова.

ОМБЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРІСТЕН ӨТУГЕ 2 МЛН ТЕҢГЕДЕЙ ҚАРАЖАТ КЕРЕК

Операция жасағаннан кейін бір аптадан соң Майраны дәрігерлер үйіне босатқан. Артынан уақыт өте келе даусы қайта қалпына келетінін, аурудан құлан-таза айығатынына сендірген. Алайда Сергеевка тұрғынының денсаулығының оңалатын түрі жоқ. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласындағы президенттік клиникаға қаралған. Ондағылар Майра Сексеноваға тыныс алу қабілетін жақсарту үшін екінші мәрте ота жасаған екен.

«Әпкем елордада да ота жасатты. Артынша ондағылар бізге қорытынды берді. Яғни 2020 жылы алғашқы ота кезінде петропавлдық дәрігерлер дауыс сіңірін екі жақтан кесіп алғанын айтты. Міне, содан бері осы аурумен күресіп келе жатырмыз. Соңғы амалымыз - Ресейдің Омбы қаласындағы фониатриялық орталық. Ондағы мамандармен сөйлесіп қойдық, бізді қабылдауға дайын. Тіпті, даусын қалпына келтіруге болатынын айтып, сендіріп отыр. Қазір біздің шетелге барып, тек кеңес алуымызға ғана шамамен 300 мың рубльден астам қаражат қажет. Ал валюта қазір тұрақсыз. Біздің ақшаға ауыстырсақ бұл шамамен 1,5-2 миллион теңге. Мәскеуге де баруымыз мүмкін. Оған тағы қаражат қажет», - дейді науқастың жиені Айнұр Қозыбаева.

Омбы қаласындағы фониатриялық орталық Мәскеудегі үздік клиникалармен әріптестік орнатқан. Енді отадан кейін оңалмаған Майраның бар үміті - ресейлік мамандарда.

«Петропавлда нағашыма Каримов деген хирург операция жасаған болатын. Содан бері ол кісімен мүлде кездесе алмадық. Қашқақтайды ма, білмеймін. Тіпті, қателігі үшін бізден кешірім де сұраған жоқ. Қазір бізге ол кісіден ота кезінде науқасқа қандай дәрі-дәрмектер бергендігін білу маңызды болып тұр. Яғни осы медициналық құжаттарды алуымыз керек. Өйткені, бұл ақпараттарды Омбыдағы фониатриялық орталықтағы мамандар сұратып жатыр. Бұл мәселені сотқа жеткізбей шешіп тастағымыз келеді. Ортақ мәмілеге келуге де дайынбыз. Өйткені күн санап нағашымның жағдайы қиындап барады. Тәтем қазір бар болғаны материалдық өтемақы талап етіп отыр. Ол осы аурухана қызметкерлерінің кесірінен мүгедек болып қалды. Сотқа беріп, соттасып жүретін жағдайымыз да, уақытымыз да жоқ. Ол бізге тиімсіз», - дейді Айнұр Қозыбаева.

ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА БАСШЫЛЫҒЫ НАУҚАСПЕН МЕДИАЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІП ЖАСАМАҚ

48 жастағы Майра Сексенова қазір тапқан-таянғанын еміне жұмсауға мәжбүр. Айына дәрі-дәрмек сатып алуға кем дегенде 100 мың тегеден астам қаржы кетеді екен. Ал науқасқа операция жасаған дәрігермен Haluq Uni тілшісі де сұқбаттаса алмады. Себебі ота жасаған азамат кезекті еңбек демалысына шығып кеткен. Ал облыстық көпбейінді аурухананың басшылығы науқастың талабын орындап, оған көмек көрсететінін айтып отыр.

«Біз науқас Майра Сексеновамен осыған дейін кездесіп, осы мәселені талқыладық. Екі тарап  медиациялық келісім жасаймыз деп ұйғардық. Бұл бірінші кезекте уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни, осының арқасында азаматша тезірек медициналық жәрдем ала алады. Өзі шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінгелі жатыр екен. Біз оған тек сәттілік тілеп, тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз. Ал операция жасаған біздің дәрігердің кінәсі бар-жоғын анықтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол үшін көп уақыт қажет. Яғни түрлі сараптамалар тағайындау қажет болады. Жәбірленуші тарап сотқа арыз беруге тиіс. Сот процесі бір-екі күнде аяқталмайды. Тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін», - дейді облыстық көпбейінді аурухана директорының міндетін атқарушы Сәкен Әмрин.

Майра Сексенованың Омбы мен Мәскеуде ем алуына әзірге 3 млн теңгеден астам қаражат керек. Олар жетпеген қаражатты өздері қосуға дайын.

Қазір науқасқа 3-ші топтағы мүгедектік берілді. Осыған дейін азаматша балабақшада тәрбиеші болған. Қазір алған сырқатына байлаланысты тәрбиешінің көмекшісі болып ауысқан. Сәйкесінше қазір оның жалақысы да қысқарған. Себебі даусы шықпайтын адамға кішкентай балалармен жұмыс істеу мүмкін емес. Егер алдағы уақытта денсаулығы қалпына келмесе, бұл жұмысынан да айырылып қалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама