Halyq Uni логотип
×

Суыққа ұрына берген түркістандық бағбандар жеміс бағын сақтандыра алмай жүр

Бұған дейін жүргізілген сынақтар кезінде біраз кемшіліктер анықталған

 Еркеғали Болатұлы 01.06.2022 | 11:32
Суыққа ұрына берген түркістандық бағбандар жеміс бағын сақтандыра алмай жүр
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында 4 жылдан бері көктем жайсыз болып, жеміс ағаштары гүл ашпай жатып, суыққа ұрынып келеді. Бағбандар табиғаттың жыл сайын қайталанатын тосын мінезінен еңбегінің жемісін көре алмай отыр. Ал ағаштарды сақтандырайын десе, елімізде бұл жүйе бір жолға қойылмаған. Шарасыз шаруалар бағын балталап, ағаштарды тамырымен қопарып тастауға мәжбүр.

Qazaqstan арнасының хабарлауынша, Қазығұрттағы 500 гектардан асатын бауда биыл да жеміс аз. Сәуір айының басында суық ерте гүлдеген жеміс ағаштарын үсітіп кеткен. Тек кейіннен бүр жарған алма ағаштары ғана аман қалыпты. Ал былтыр наурыз айында болған -20 градус суықтан жеміс ағашының гүлдері сол күйі түсіп қалып, 450 гектар бақша бір түйір жеміс бермеген.

Ерте гүлдеген өрігіміздің 100 пайызы, шабдалымыздың 70-80 пайызы кетті. Аз ғана қалды, - дейді Нұрболат Құралов есімді бағбан.

Сарыағаштағы ең ірі шаруашылықта да осындай жағдай. Суық болған күндері ағаштардың арасына от жағып, түтін салғанмен, одан еш пайда болмаған. Жел болмағандықтан, жылу айналаға тарамаған. Ал суықтан қорғанудың тағы бір әдісі ағаштарға су бүркіп шығуға бағбандар үлгере алмаған.

Жалпы, ерте көктемнен қара күзге дейін жүзімнің 1 гектарын күтіп-баптау үшін 500 мың теңге қажет екен. Ал негізінен қаржыны алма ағашы ең көп қажет етеді. Шаруа одан мол өнім алу үшін 1 жылда 2 миллион теңгедей қаражат жұмсауы қажет.

Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрілігі жеміс ағаштарын ерікті сақтаныдырудың оңтайлы тәсілдерін әлі таба алмай жатыр. Бұған дейін жүргізілген сынақтар кезінде біраз кемшіліктер анықталған. Қазір агросақтандыру қауымдастығы Германиямен бірлесіп, жаңа жүйе әзірлеп жатыр. Көпжылдық деректер негізінде қажетті есептеулер жасалған. Енді ол сараптама кеңесінің қарауынан өтуі керек.

Жеміс ағаштарын сақтандыру екі бағыт бойынша жүргізілмек. Оның бірі – бауды табиғаттың тосын құбылыстары мен аурулардан сақтандыру, екіншісікөпжылдық екпелерді мүлік ретінде сақтандыру.

Жаңа жүйе осы жылдың аяғына дейін енгізіледі деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама