×

Тоғызқұмалақ ойынына қызығушылар Колумбия елінде де көбейіп келеді

Қазақтың ұлттық ойынын Оскар Фахардо есімді азамат Латын Америкасында кеңінен насихаттап жүр

 Халық үні 03.04.2024 | 17:24
көрнекі фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ – мұхиттың арғы жағында да танымал спорт түрі. Осы зияткерлік ойынды Латын Америкасына алғаш Оскар Фахардо есімді азамат таныстырған деп хабарлайды 24.kz.

Ол тоғызқұмалақ туралы тұңғыш рет 2005 жылы біліп, кейін оның ережесін интернет арқылы меңгеріп алған. Сосын ағаш шеберіне тоғызқұмалақ тақтасын жасатып та алыпты.

2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылғаннан бастап Оскар Фахардо Колумбия атынан бірнеше халықаралық сайысқа қатысып, жүлдегер атанды.

Бұл ойында мені қатты қызықтырғаны тұздық ережесі. Қарсыластың отауын иемденіп алатын осы бір ерекшелік ойынды нағыз стратегиялық майданға айналдырады. Сондай-ақ, Орталық Азия халықтарының мәдениетімен танысудың тың жолы болғандықтан, әрі жеке федерациясы бар салмақты ойын түрі болған соң қызығушылығым арта берді, - дейді тоғызқұмалақтан 200-ге жуық шәкірт тәрбиелеген Оскар Фахардо.

Тоғызқұмалақ ойнаумен 2019 жылдан бері айналысатын тағы бір Колумбия азаматы Херман Гонзалес ойынның зияткерлік құндылығын жоғары бағалайды. Қоғамдық кітапханадағы тоғызқұмалақ үйірмесіне жетекшілік ететін ол бұл ойынды оқытудың белсенді тәсілдерін қолданғысы келетінін айтты.

«Дәстүрлі оқытудағыдай кітап, дәптермен шектелмей, зияткерлікті дамытатын ойындарды бағдарламаларымызға қосып жатырмыз. Өздері де қызықты, мен де үйретуден жалыққан емеспін. Бұл олардың ойлау қабілеті үшін пайдалы. Шәкірттеріммен тоғызқұмалақтан Колумбия құрама командасына қосылып, түрлі жарыстарға қатысамыз. Балалар жүлдемен оралып жүр. Оскар Фахардо рекордын жаңартар мықтыларды тәрбиелеп жатырмыз», - деді ол.

Тоғызқұмалақ федерациясы – Ұлттық спорт қауымдастығының серіктесі. Қауымдастық құрамында «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама