×

Утилалым: министрлік екі жылға созылған соттан ақыры жеңіліп қалды

Жоғарғы сот осыған дейін министрліктің пайдасына шешілген сот шешімінің күшін жойды

 Ербол Тұрымбет 03.04.2024 | 16:36
фотода: Берік Зайыров, сот процесі

Утилизациялық алымды алып тастау жөніндегі қоғамдық белсенділер бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі – ред.) арада екі жылға созылған сот процесінде ақыры жеңіске жетті. Жоғарғы сот осыған дейін министрліктің пайдасына шешілген сот шешімінің күшін жойып, қоғамдық белсенділердің шағымын қанағаттандырды. Енді министрлік утилалым ақысына елімізде жыл сайын қанша және қандай маркалы көлік шығарылғаны, көлік өндірісі қаншалықты елімізге көшірілгені туралы толыққанды мәлімет беруге тиіс.

ІСТІҢ МӘНІ НЕДЕ?

Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағы утилизациялық алымды 100 мың теңгеге дейін төмендету және көлікті алғашқы тіркеу ақысын алып тастау жөнінде бірнеше жылдан бері сот органдарына шағым түсіріп келеді. Бірақ қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың айтуынша, оның барлығы қараусыз қалған. Содан кейін одақ өкілдері тым құрыса аталған министрліктен 2016-2021 жылдар аралығында автокөліктер мен ауыл шаруашылығы көліктерінің өндіріс процесінің қанша пайызы Қазақстан аумағына көшірілгені туралы толыққанды мәлімет беруді сұрайды. Нақтырақ айтқанда, министрлік көлік модельдері, саны, құны, т.б. бойынша тарқатып, жіктеп көрсетіп беруге тиіс болған. Бюджет пен халықтың қалтасынан шығып жатқан қаражаттың қайда, қалай игеріліп жатқанын ашық көрсетуді талап еткен. Оның бәрі утилизация алымы мен алғашқы тіркеу ақысының қаншалықты заңды екенін айғақтайтын құнды сараптама жасауға қажет болған.

Осыған дейін мемлекет субсидия ретінде жеке автоөнеркәсіпке кемінде 1,5 трлн теңге жұмсады. Оған қоса, халықтан утилалым үшін 1 трлн теңгедей жинап алды. Екеуін қосқанда 2,5 трлн теңгеге кенеліп отыр. Ондай қаражатқа автокөлік шығаратын 5 зауыт салуға болады. Халықты сөйтіп-ақ қолжетімді автокөлікпен қамтуға болар еді, - дейді Санжар Боқаев.

Алайда сұраған мәлімет толық берілмеген. Министрлік тарапы одақ өкілдері сұраған 8 талаптың тек үшеуіне ғана жауап берген, қалғаны «өнеркәсіптік жинақтау келісіміне байланысты кәсіпорындардың коммерциялық құпиясы» деген желеумен жауапсыз қалған.

Бір қызығы, сол «коммерциялық құпия» санатына жатқызылған деректің бәрі 2022 жылға дейін ашық жарияланып келген. Естеріңізде болса, Санжар Боқаев бастаған белсенді топ отандық кәсіпорындардың «автокөлік құрастыру» деп жүрген жұмысының шын мәнінде қалай жасалатынын көрсетіп, әлеуметтік желіде видео жариялаған еді. Бұл артынша қоғамда қызу талқыға түсті.

«КОРЕЯ 18 ЖЫЛДА АВТОӨНЕРКӘСІБІН 90% АЯҚҚА ТҰРҒЫЗДЫ, БІЗДЕ ЕШ НӘТИЖЕ ЖОҚ»

Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағының төрағасы Берік Зайыровтың айтуынша, еліміздің автоөнеркәсібі 2003 жылғы «Азия автодан» басталады. Содан бергі 21 жылда шетелдік көліктердің бірнеше өндірісі ашылып-жабылып жатты.

Осы аралықта бір де бір көлік отандық автобөлшекті қолданбады, себебі елімізде қосалқы бөлшек өндірісі жоқ, бізде құр құрастырылады. Оның өзі қаншалықты құрастырылатынына талас бар.

Енді Оңтүстік Кореямен салыстырайық. Олар 18 жылда локализацияны 95%-ға дейін жеткізді. Біздің автоөнеркәсіпте осындай көрсеткіш жасайтын 20 жылдан астам уақыт болды. Бізге соны әлі «болады, болады» деумен келе жатыр. Бұл қаржы пирамидасы сияқты, 20 жылдан кейін локализация деңгейі 40%-ға ғана жетуі мүмкін. Ол кезде де «қолдау керек» деп отыра бере ме? Оған қашанғы шыдаймыз? - дейді Берік Зайыров.

Берік Зайыровтың сөзінше, осындай заңсыз әрекеттердің кесірінен мемлекеттің қыруар қаражаты олигархтардың қалтасына түсіп жатыр.

Біріншіден, автоөнеркәсіп салықтан босатылған. Демек, не табыс салығын, не қосалқы бөлшектерін әкелгенде де ҚҚС пен кеден салығын төлемейді. Есептесе қомақты қаражат. Бір «Азия Авто» бойынша мемлекетке келген ресми шығын 300 млрд теңгеге бағаланатынын айтады. Бәрін қосса, шамамен триллонға жетеді. Оның қасында қарапайым азаматтар шетелден көлік әкелсе, оған көлік құнының 20%-ы деңгейінде кеден салығы мен ҚҚС төлейді.

Екіншіден, автоөнеркәсіпті дамыту үшін мемлекет жеңілдетілген автонесиеге субсидия бөледі. Онда да миллиардтап саналады.

Мысалы, кезінде SsangYong, Toyota Fortuner көліктерін шығаратын зауыттар ашылып-жабылып тынып, банкрот болды. Демек, мемлекет оларға несиені құрдан-құр берген болып шықты, – дейді Берік Зайыров.

Үшіншіден, автоөнеркәсіптің өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникасын мемлекет сатып алып отыр. Негізгі талап – Қазақстанда құрастырылған болуы керек. Сол себепті, мемлекет отандық өнеркәсіптен әлдеқайда қымбат көлік пен техниканы қыруар ақшаға сатып алады. Сайып келгенде, салық пен несие шығындарынан бөлек, мемлекеттік сатып алу да бюджетке шығын келтіріп отыр.

Айта кету керек, жуырда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утилизация алымы өзгеріссіз қалатынын айтты. Себебі, елде көлік өндірісінің дамып жатқанын, сондықтан ішкі нарықты қорғау керек екенін мысал еткен.

Министрдің сөзінше, қазір Қазақстанда 2 көлік зауыты салынып жатыр. KIA көліктерін шығаратын зауыт 2025 жылдың ортасында бітпек. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіруге жететін тағы бір зауыт құрылысы жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама