Halyq Uni логотип
×

БҚО-да инвесторға кедергі келтірген шенеунік жауапқа тартылды

Кәсіпкер бір жыл бойы мемлекеттен несие ала алмаған

 Динара Амантай 03.04.2024 | 16:27
БҚО-да инвесторға кедергі келтірген шенеунік жауапқа тартылды
Фото: Halyq Uni

2023 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысында инвестор Ringo-Milk ЖШС 3,9 млрд теңгеге «Сүт-тауар фермасы» инвестициялық жобасын іске қосты. 700 басқа арналған сүт-тауар фермасын жоспарлы түрде кеңейту үшін инвесторға мемлекеттік несие қажет болды. Алайда кредитор алдында мерзімі өткен берешектің болуына байланысты жобаларды іріктеу комиссиясы инвесторды қаржыландырудан бас тартқан.

Бұл мәселе фронт-офис сайтында қаралып, қарыздың техникалық себептерге байланысты туындағаны анықталды. Бұл ретте инвестордың банк шотында уақтылы өтеуге жеткілікті қаражаты болған. Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен инвесторға 2,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік несие беру туралы шешім қабылданды.

Алайда кейін «Aqjaiyq Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ инвесторға несие қаражатын алуға кедергілер жасаған. Оның бөлінуін жобаларды іріктеу комиссиясы мақұлдады.

Атап айтқанда, инвестордың шотына ақша аудару үшін ӘКК олармен қызметтерді, тауарларды және жұмыстарды сатып алу бойынша мәмілені бекітуді талап етті. Бұл процедура заңмен қарастырылмаған. Осылайша, ӘКК инвестициялық жобаны іске асыруда әкімшілік кедергілер жасаған.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша инвестордың құқығы қалпына келтіріліп, оған 2,5 млрд теңге көлемінде инвестициялық жобаны іске асыруға қаражат аударылды.

ӘКК басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама