Бір бала қаза тауып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті
Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласының солтүстігінде орналасқан Вантаа қаласындағы мектепте 12 жастағы оқушы қатарластарына оқ жаудырды.
Ол бір оқушыны атып, екі адамды ауыр жарақаттады. Жарақат алған адамдар ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің бәрінің жасы 12-де, деп хабарлады bbc.com.
Атыс шығарған оқушы көп ұзамай қамауға алынды.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:00-де Виертола мектебінде болған. Полицей қала тұрғындарына үйден шықпауды ескертті.
Бұл мектепте 800 оқушы білім алады. Оларға 90-нан аса оқытушы сабақ береді. Куәгерлер YLE телекомпаниясына атыс болғаннан кейін мектептің ауласынан екі жедел жәрдем көлігінің сирена қосып, ауруханаға бағыт алғанын айтты.
Виертола мектебінде бастауыш және орта мектеп жасындағы (7-ден 15-ке дейін) балалар білім алады. Финляндиядағы білім мекемелері Пасхаға орай ұзақ демалыстан кейін өз қызметіне жаңа ғана кіріскен.
Ванта – Финляндияның төртінші қаласы. Бұл қалада 240 мың адам тұрады.
Финляндияда 2007-2008 жылдары мектептерде екі атыс болып, бірнеше адам қаза тапқан. Содан кейін елде қару туралы заң күшейген.