×

Депутат Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялауды ұсынды

Сондай-ақ жылқысы қырылған шаруалардың несиесін кешіруді де сұрады

 Дәурен Ерболат 03.04.2024 | 15:43
фото: facebook.com/Ерлан Төлеутай

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысында жүздеген жылқының қарылуына байланысты төтенше жағдай жариялап, шаруалардың несиесін кешіруді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолданды.

«Арқада мал қырылып, ал қырылмағаны көтерем болып, терісіне ілініп, «ұзынсарыға» кірген. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден аса жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына 1,5 айдан асты. Тек Қаражалдың өзінде 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?! Жұт Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды. Мұндай қыспақ жыл сайын соқпайды. Осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезінде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды», - деді Ербол Сатыбалдин.

Ерболат Сатыбалдин жауапты мекемелер қауіпті ескертпегенін атап өтті.

«Қыстың ортасында жауған жауынды көріп-біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер Ұлытау облысында болып жатқан табиғаттың қауіпті және дүлей құбылысының жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады.

Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылық министрлігі «Малдың жаппай қырылу фактісі жоқ, Ұлытау облысында 67 бас жылқының өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады.

Жұт жайын қалың елдің арасына барып білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Арқа жұрты Үкіметтің бұл тірлігін «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр», - деді депутат.

Осыған байланысты Ерболат Сатыбалдин малынан айырылған Ұлытау жұртының еңсесін көтеру үшін бірқатар ұсынысын айтты:

  • Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен қырылған мал басына санақ жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малын санаққа енгізуге рұқсат беру (халық аузында «Зеленый корридор» деп аталып кеткен);
  • Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау;
  • Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелеріне рақымшылық жариялау;
  • Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама