Ұшақ апаты 2019 жылдың желтоқсан айында болған еді
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласының әуежайы аумағында Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам көз жұмып, 50 шақтысы түрлі жарақат алды.
Бас көлік прокуратурасы Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақтың (Fokker-100) апатқа ұшырауы фактісі бойынша қылмыстық тергеу аяқталғанын хабарлады.
Ұшақ апатына қатысты 4 мыңнан астам тергеу әрекеті (2000 тексеру, 1350 жауап алу, 250 алу), 150 сот-медициналық сараптама және арнайы зерттеулер жүргізілген.
Бас көлік прокуратурасы Бельгия, Германия, Люксембург, Нидерланды және т.б. шет мемлекеттерден халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге іс үшін маңызы бар қажетті құқықтық-техникалық ақпарат алған.
Қазір процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр.
Айта кетсек, 2020 жылы Bek Air әуе компаниясының сертификаты тоқтатылған болатын. Екі жылдан соң журналист Михаил Козачковтың Telegram арнасында лицензиясынан айырылған Bek Air компаниясының ұшағы Алматыға қонғаны туралы хабарлаған. Ал Азаматтық авиация комитеті борттың Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін мәлімдеді
Еске салайық, бұған дейін Halyq Uni тілшісі сол апаттан аман қалған жолаушыларымен әңгімелесіп, қазіргі жағдайын білген еді.