×

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады

Ол арқылы былтыр 7 000 әйел қосалқы репродуктивтік технологияларға қол жеткізді

 Динара Амантай 01.06.2022 | 11:15
Фото: Kazpravda.kz/Талгат Аханов

«Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 1307 отбасында көптен күткен 1560 бала дүниеге келді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бедеулік салдарынан отбасылық жұптардың 20 пайызы ажырасып жатқанына, отбасылық-демографиялық жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Былтыр осы бағдарлама арқылы 7 000 әйелге қосалқы репродуктивтік технологиялар қолжетімді болды. Нәтижесінде 3 000-нан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынды. 1307 отбасында көптен күткен 1560 бала дүниеге келді. Бұл бағдарлама «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалғасатын болады, – деді Ажар Ғиният.

Сонымен бірге жиында министр Балалар жылы аясында іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы туралы баяндады. Бүгінгі таңда жүкті әйелдерде ұрықтың ағзалары мен жүйелерінің ақауларын анықтауға арналған пренаталдық скринингпен қамту толықтай жүргізілетіні, ол 85,4%-ды құрағанын айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігі артты, соңғы 3 жылда оңалту төсектері мен орталықтарының саны 2 есеге ұлғайды. Елімізде алғаш рет «Ерте араласу» институтын енгізу жөніндегі іс-шаралар басталды. Жыл соңына дейін 17 ерте араласу орталығы ашылып, онда жыл сайын 3 жасқа дейінгі 10 мыңға дейін бала ем алады.

Бұған қоса министр Балалар жылы шеңберінде балалар денсаулығын сақтаудың бірнеше бағыты бойынша қаржыландыру ұлғайтылғанын атап өтті. Атап айтқанда, балаларды профилактикалық тексеруге бағытталған қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеден 16,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама